Әлемдегі ең күшті футболшы Джеррардтан арнайы сый алды

 Әлемдегі ең күшті футболшы Джеррардтан арнайы сый алды

Англия кубогы аясындағы «Уимблдон» мен «Ливерпуль» арасындағы кездесуден кейін алаң иелерінің шабуылшысы Адебайо Акинфенваға Стивен Джеррард арнайы сый ретінде әкелген жейдесін табыстады. Ал ойында киген жейдесін жанкүйерлерге сыйлады.

Қазіргі таңда «Уимблдон» командасының ойыншысы Адебайо Акинфенва әлемдегі ең күшті футболшы саналады. Ол жатқан қалпында екі қолымен 180 келі тартатын зілтемірді бағындыра алатын көрінеді. Ал өзінің салмағы болса 110 келіден асады екен.

«Ливерпуль» командасымен өтетін ойын алдында 34 жастағы футболшы Стивен Джеррардпен жейде ауыстыратынын командаластарына алдын-ала ескертіп қойған болатын. Өйткені, Адебайо Акинфенва осы маусымнан кейін спорттық мансабын өзге елде жалғастыруы мүмкін екен. Сондықтан, ендігі уақытта футболдағы басты пір тұтатын ойыншысы Стивеннен сый алуды мақсат тұтқанын дүйім жұрттан жасырмаған да еді. Бірақ, ойын соңынан «Ливерпуль» капитаны киген жейдесін Акинфенваға емес, жанкүйерлерге сыйлады. Десе де осы маусым соңынан мерсисайдтық клубтан кететінін мәлімдеген Стивен Джеррард Адебайо Акинфенваның да көңілін назарынан тыс қалдырмапты. Оған өз қолы қойылған жейдесін арнайы сыйлады.

Айта кетейік, «Уимблдон» мен «Ливерпуль» арасындағы ойында қонақтар 1:2 есебімен жеңіске жетті. Стивен Джеррард дубль орындаса, Адебайо Акинфенва бір голды өз еншісіне жазды.  

Сурет: sports.ru

О. Сансызбай