«The Guardian» түзген рейтингтегі әлемнің 100 үздік футболшысы

«The Guardian» түзген рейтингтегі әлемнің 100 үздік футболшысы

Ұлыбританияның «The Guardian» басылымы түзген рейтинг бойынша, 2014 жылдың үздік футболшысы болып Криштиану Роналду танылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан басылым рейтингін түзуге әлемнің 28 елінен 73 футбол сарапшысы қатысқан.

Жылдың үздік 100 футболшысының рейтингін түзіп шығу да оңай емес. Басылымның 2014 жылғы таңдауына танымал ардагер футболшылар да ат салысқан. Олардың қатарында Эрнан Креспо, Жилберту Силва, Славен Билич және Дитмар Хаманн бар.

«The Guardian» басылымы түзген рейтингтің жеңімпазы аталған Криштиану Роналду үшін 2014 жыл нашар өтті деп айтуға келмейді. Мадридтік «Реал» сұрмергені жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. «Реалмен» бірге Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сонымен қатар, осы додада бір маусымда ең көп гол соққан ойыншы ретінде рекорд орнатты. Испания чемпионатында да өзгелерден көп гол (31 гол) соқты. Одан өзге, УЕФА таңдауымен 2013/2014 маусымдағы Еуропаның ең үздік футболшысы болып танылды.

Екінші орыннан Аргентина ұлттық құрамасы мен каталондық «Барселона» ойыншысы Лионель Месси көрінді. Ол өткен маусымда «блауграна» сапында Испания кубогын жеңіп алса, ұлттық құрамамен әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Сонымен қатар, «мундиальдың» ең үздік ойыншысы атанды. Талай рекордтың мұртын бұзды.

«The Guardian» рейтингінің үштігін қақпашы Мануэль Нойер қорытындылады. Ол 2014 жылы Германия ұлттық құрамасымен әлем чемпионы атағын жеңіп алса, мюнхендік «Бавариямен» ел чемпионы атанды. Одан өзге «мундиальдың» үздік қақпашысы ретінде «Алтын қолғапқа» ие болды.

Айта кетейік, бұл үш футболшы да 2014 жылғы «Алтын доптан» үміткер. Жеңімпаз 2015 жылдың 12 қаңтарында Цюрихте өтетін салтанатты кеште анықталатын болады. Өткен жылы бұл марапат Криштиану Роналдуға бұйырса, оған дейін 4 жыл қатарынан Лионель Месси «Алтын допты» иеленіп келген еді.

«The Guardian» рейтингінің алғашқы ондығына мюнхендік «Бавариядан» 4 ойыншы, каталондық «Барселонадан» - 3, мадридтік «Реалдан» - 2, «Манчестер Ситиден» 1 футболшы енген.

«The Guardian» рейтингінің алғашқы ондығы:

1. Криштиану Роналду («Реал»)

2. Лионель Месси («Барселона»)

3. Мануэль Нойер  («Бавария»)

4. Арьен Роббен («Бавария»)

5. Томас Мюллер («Бавария»)

6. Луис Суарес («Барселона»)

7. Неймар («Барселона»)

8. Гарет Бэйл («Реал»)

9. Филипп Лам («Бавария»)

10. Серхо Агуэро («Манчестер Сити»)

Сурет: theguardian.com

Ө. Сансызбай