«Сантос» Пелемен мәңгілік келісімшарт түзді

«Сантос» Пелемен мәңгілік келісімшарт түзді

Бразилияның танымал «Сантос» футбол клубы «футбол королі» Пелемен өмірлік келісімшарт түзді. Алдағы уақытта команда футболшының атын бренд ретінде пайдаланып, өз қажетіне жарата алады. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Эдсон Арантис ду Насименту (Пеле) 1956-1974 жылдар аралығында «Сантос» сапында ойнаған. Талай рекордтар тіркеген. Барлығы 496 ойыннан 504 гол соққан. Бұл клуб тарихындағы ең үздік көрсеткіш.

- Осы уақыттан бастап Пеле мен «Сантос» бренді мәңгілік бір-бірімен тығыз байланысты. Меніңше, бұл келісімшарт мәңгілікке созылады деп сенеміз. Біздің командада әлемнің ең үздік футболшысы ойнағанын әрқашан мақтан тұтатын боламыз, - деді клуб президенті Одилио Родригес.

Естеріңізге сала кетсек, 74 жасқа келген Пеле 24 қараша күні ауруханаға түсіп қалған болатын. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша, оның бүйрегінде тас бар екендігі анықталып, содан соң несеп жолдарынан инфекция табылған-ды. Кейіннен футболшының көмекшісі Хосе Форнес «футбол королінің» денсаулығы бірқалыпты екенін мәлімдеген еді.

Сурет: sport-xl.org

Ө. Сансызбай