Зульфия Чиншанлоға қанша сыйақы беріледі?

Зульфия Чиншанлоға қанша сыйақы беріледі?

Алматы ауыр атлетикадан 81-ші әлем чемпионатын қабылдауда. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан бәсеке әлем назарын өзіне аударып отыр. Өйткені, кіл мықтылар бақ сынап жатқан дода 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялық ұпай таратады.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы қоржынында бір алтын жүлде бар. Оны кеше 53 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Зульфия Чиншанло жеңіп алған-ды. Қазақстандық спортшының бұл жетістігі ескерусіз қалмайтыны анық. Осыған дейін «Алаш айнасы» тілшісіне ауыр атлетикадан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсір топ жарған қазақстандық зілтеміршілерге берілер сыйақы туралы айта кеткен болатын.

Алатау баурайында өтіп жатқан әлем біріншілігінде топ жарған спортшыны сыйақсыз қалдырмаймыз. Мысалы, алтын жүлде алған спортшыға - 15 000 АҚШ доллары берілсе, күміске 7 000, қола жүлдеге іліккен зілтеміршіге 5 000 доллар беріледі, - деген-ді бапкер. Сонымен қатар, әлемдік додада рекорд орнатқан спортшылар да сыйақыдан кенде қалмайтынын мәлімдеген-ді. Яғни, бұл жетістікті бағындырған зілтемірші 5000 АҚШ долларын иеленетін болады. Ал Зульфия Чиншанло болса алтыннан алқа тағып қана қоймай, әлем рекордын жаңарта да білді. Біздің бағам бойынша жерлесіміз бұл жетістігіне орай кемінде 20 000 АҚШ долларын иеленері даусыз cекілді.

Бүгін, яғни әлем чемпионатының төртінші күнінде әйелдер арасында 58 келіде жүлделер сарапқа салынады. Бұл сынның «В» тобында ел намысын Гүлназ Наурызова қорғайтын болады.  

Сурет: almaty2014iwf.com

О. Сансызбай