«Алтын доптың» жанкүйер күтпеген иегерлері

«Алтын доптың» жанкүйер күтпеген иегерлері

Жақында ғана 2013 жылғы «Алтын доп» иегері анықталды. Алайда Криштиану Роналдудың салтанатты кешке дейін бұл атаққа ие болатыны туралы ақпарат шартарапты шарлап кеткен де еді. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға ешкім күтпеген жағдайда мәртебелі атаққа ие болған футболшыларды ұсынамыз. 

Игорь Беланов, 1986 жыл


КСРО құрамасының Мексикада өткен «мундиалдағы» көрсеткіші мен клубтық ойынындағы шеберлігінен кейін Игорь Беланов 1986 жылы үздік футболшы болып танылды. Өз алаңындағы «Динамо» мен «Бешикташ» кездесуінен кейін футболшыға «Алтын доп» салтанатты түрде табысталды. «France Football» басылымы дауысы бойынша ол Гари Линекер мен Эмилио Бутрагеньоны басып озды. Ал жанкүйер қауым үздік болып ағылшын Гари Линекер танылады деп ойлаған болатын.

Марко ван Бастен, 1992 жыл


1992 жылы «Алтын допты» Христо Стоичков өзі алатынына сенімді болатын. Бірақ соңғы сәтте бұл атақ сол кездегі «Милан» ойыншысы Марко ван Бастенге бұйырды. Ал болгар футболшысы дауыс берудің әділетсіз болғанын жеткізгісі келген де еді. Дегенмен араға 21 жыл сала Христо сол сәтте өзінің неге «Алтын допты» иеленбегенін түсінгендей болды.

- Мен сол кезде «ЦСКА»-мен болған ойынды жақсы білемін. Мәскеуде тең түсіп, өз алаңымызда екі гол соғып, өзімізге сенімді өнер көрсеттік. Алайда соңынан 3 доп жіберіп алдық. Ал сол сәтте Марко ван Бастен қарсылас командасына 4 доп тоғытқан болатын. Осылайша «Барселона» Чемпиондар Лигасынан, мен «Алтын доптан» құр қалдым. Дегенмен бұл – футбол. Араға екі жыл салып «Алтын доп» маған да бұйырды. Қазір Барселонадағы үйімде сақтаулы тұр - деді.

Майкл Оуэн, 2001 жыл


2001 жылы Майкл Оуэн «Алтын допты» иеленеді деп жанкүйерлер күтпеген еді. «Ливерпуль» УЕФА Суперкубогын иеленгенімен, ағылшын премьер-лигасын үшінші сатымен аяқтаған болатын. Мерсисайдтық футболшы дауыс беру қорытындысы бойынша Рауль мен Оливер Канды басып озды. Жанкүйерлердің Лев Яшиннен кейін алғаш рет «Алтын доп» қақпашыға бұйырады деген ойы жоққа шықты.

Фабио Каннаваро, 2006 жыл


2006 жылы «Алтын допты» «скуадра адзурраның» бір ойыншысы алатыны белгілі еді. Бұл атаққа бір табан Джанлуиджи Буффон жақындау болатын. Алайда «Ювентуспен» екінші дивизионға түскен қақпашы өзін көрсетуге толық мүмкіндік ала алмай қалды. Жанкүйерлер осы қақпашыны Лев Яшиннен кейін «Алтын допты» алады деген болжамы тағы да жоққа шықты. Буффоннан 49 дауыс артық жинаған Фавио Каннаваро құрметті атақты иеленіп кетті. Үшінші сатыдан француз Тьери Анри көрінді.

Лионель Месси, 2010 жыл


Дәл осы жылы «Алтын допты» көпшілік Андреас Иньеста немесе Хави алады деп күткен. Алайда Мессиге бұйырды. Мұны біреулер дұрыс деп таныса, енді біреулер әділ болмады деп бағалады.

Иньеста мен Хавиге жанкүйерлердің «Алтын допты» ұсынудың өзіндік себептері де бар. Оңтүстік Африка жерінде өткен Әлем чемпионатында Испания құрамасы чемпион атанды. Ал сол сында осы екі футболшының еңбегі зор. Тіпті Андреас Иньеста ақтық сында гол да соққан. Лионель Месси аламанда өзін көрсетіп, командасын алға сүйрей алмаған-ды. Дегенмен дауыс беру қорытындысы бойынша «Алтын доп» аргентиналық футболшыға бұйырды.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, vk.com

Ө. Сансызбай