- Негізгі бет
- Спорт
- Әлем чемпионы болған...
Әлем чемпионы болған Аргентина құрамасы қанша сыйақы алды?
Катардағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Футбол додасында түрлі қызық болып, жаңа техникалар қолданылды. Аргентина құрамасы турнирде топ жарғаны үшін қанша сыйақы алды? Кубокта қанша келі алтын бар? Massaget.kz тілшісі әлемдік дода туралы қызық деректер жинады.
Турнир қожайыны бұлай сәтсіз ойнап көрмеген
Катар турнир қожайыны ретінде әлем чемпионатының ашылу матчінде жеңіліп қалған алғашқы команда атанды. Кейін катарлықтар Сенегалдан, артынша Нидерландтан жеңіліп қалды.
Тарихта алғаш рет турнир қожайыны барлық үш матчінде жеңіліп қалды. Осылайша Катар антирекорд орнатты. Турнирде команда бар болғаны бір гол соқты.
Фото: Reuters
Қуатталатын доптар
Катардағы әлем чемпионатында ерекше доптар қолданылды. Күн сайын доптарды қуаттау керек. Себебі әр доптың ішінде электрон құрылғы мен тетіктер бар. Олар доптың ұшу бағытын, офсайд болған-болмағанын, доп қай ойыншыға тигенін анықтауға көмектеседі.
Мысалы, Португалия - Уругвай матчінде гол соғылған кезде арнайы тетіктер доп соңғы болып Криштиану Роналдуға емес, Бруну Фернандешке тигенін анықтап берді.
Фото: Reuters
Бұл электрон құрылғы доптың ұшуын секундына 500 рет бақылап, төрешілерге нақты ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
Өте жақын стадиондар
Мундиальді бес қаладағы сегіз стадион қабылдады. Бұл жанкүйерлерге ыңғайлы болды. Катар шағын мемлекет, сондықтан бір-бірінен ең алыс стадиондардың арасы 70 шақырым ғана болды. Бір аренадан екіншісіне жету үшін көп дегенде бір сағат қажет.
Катарда қазірдің өзінде күн ыстық, сондықтан әр стадионда кондиционер болды. Әр орындықтың астына арнайы кондиционер қойылды. Бірақ кешке қарай температура 21 градусқа төмендейді, көп жанкүйер сол кезде трибуна салқын болып кететінін айтқан.
"Лусаил" стадионы. Фото: Reuters
Төреші әйелдер
Әлем чемпионатында алғаш рет төреші әйелдер де қазылық етті. Дәлірек айтқанда, франциялық Стефани Фраппар, руандалық Салима Мукансанга және жапон Есими Ямасита қызмет етті. Бұған дейін арбитрлер құрамында ешқашан әйелдер болмаған.
Олар бас төрешінің көмекшісі ғана болған жоқ. Топтық кезеңдегі Германия - Коста-Рика матчінде француз Стефани Фраппар бас төреші болды.
Стефани Фраппар. Фото: Reuters
Әлем чемпионаты тарихындағы ең ұзақ матч
Англия мен Иран құрамалары әлем чемпионаты тарихындағы ең ұзақ матч өткізді - ойын 117 минут 16 секундқа жалғасты. Бас төреші Рафаэл Клаус бірінші таймға 14, екінші таймға 10 минут қосты. Бұған дейінгі рекорд 1994 жылы Оңтүстік Корея мен Боливия матчінде тіркелген, ол кезде ойын 103 минут 56 секундқа созылған. Мұнда негізгі уақытта аяқталған матчтер ғана есепке алынады.
Трансляция кадры
Жалпы, топтық кезеңдегі 48 матчте төрешілер 511 минут қосқан. Ал бұл кем дегенде тағы 5 кездесу өткізуге жететін уақыт.
ФИФА төрешілер комитетінің төрағасы Пьерлуиджи Коллинаның айтуынша, ФИФА ойын тоқтап қалған кезді, таза ойын уақытын мұқият есептеуге ұмтылуына байланысты қосымша минуттар көп болды.
Сыйақы мөлшері
ФИФА мәліметінше, 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатының жүлдеқоры 440 миллион доллар болады. Бұл ретте әр команда әлем чемпионатына дайындалғаны үшін 1,5 миллион және әлем чемпионатының топтық кезеңіне қатысқаны үшін 9 миллионнан алады.
Катарда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы 42 миллион доллар табыс табады. Бұл рекорд көрсеткіш. Осылайша, Аргентина әлем чемпионы болғаны үшін ФИФА-дан 42 миллион доллар алды. Одан бөлек, КОНМЕБОЛ құрамаға тағы 10 миллион доллар көлемінде сыйақы берді.
Фото: Reuters
Финалда жеңіліп қалған Франция құрамасы 30 миллион доллар алады. Елдің федерациясы бұл соманың 30 пайызын ұлттық команданың ойыншылары мен қызметкерлеріне бөліп береді. Ал қалған ақшаны әуесқой футболды дамытуға жұмсамақ.
Қола жүлдегер атанған Хорватия құрамасы 27 миллион, турнирді төртінші орынмен аяқтаған Марокко 25 миллион доллар сыйақы алды. 1/8 финалдан ұшқан құрамаларға 13 миллионнан, ширек финалда жеңілген командаларға 17 миллион доллардан беріледі. Сондай-ақ ФИФА ойыншылары әлем чемпионатында өнер көрсеткен клубтарға қосымша 209 миллион доллар өтемақы бөлді.
Кубок алтын ба?
ФИФА мәліметінше, әлем кубогында жер шарын ұстап тұрған екі адам бейнеленген. 18 карат алтыннан жасалған. Кубоктың салмағы - 6,142 келі. Алайда бұл салмақтың бір бөлігі кубоктың түбіндегі екі малахит сақинасына түседі. Осылайша, Thomson Reuters мәліметі бойынша, кубоктағы алтынның таза салмағы - 160,75 троя унциясы немесе 5 келі.
Әлем кубогы. Фото: Reuters
Трофейдің ұзындығы - 36,83 сантиметр. Бұл жүлдені 1974 жылы италиялық суретші Сильвио Газзанига жасады, ол 52 қатысушы бақ сынаған арнайы байқауда үздік болды.
Кубок төрт жыл сайын әлем чемпионатының финалында жеңімпаз атанған командаға беріледі. Таяуда кубокты Аргентина құрамасы еншіледі. Әр чемпионаттың алдында кубокты италиялық GDE Bertoni компаниясы жылтыратады, ал алдыңғы жеңімпаз осы кубоктың алтын жалатылған көшірмесін алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш