Алты гол соғылды. Аргентина құрамасы Катардағы әлем чемпионатында топ жарды

Алты гол соғылды. Аргентина құрамасы Катардағы әлем чемпионатында топ жарды
Фото: Reuters

Аргентина құрамасы үш дүркін әлем чемпионы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Катардағы әлем чемпионатының финалында Аргентина Франция құрамасымен кездесті. Матчтің басы толығымен Аргентина футболшыларының басымдығымен өтті. Нәтижесінде 23-минутта Лионель Месси пенальтиден гол соғып, есеп ашты.

Көп ұзамай аргентиналықтардың қарымта шабуылы кезінде Анхель ди Мария қараусыз қалып, есепті еселеді.

Бірінші тайм бітпей жатып, француздар сапында алаңға тың ойыншылар шықты. Бірақ үзілістен кейін де Франция құрамасы ұзақ уақыт бойы қарсылас қақпасына соққы бағыттай алмады. Сондықтан Аргентина жеңіс есебін ұстап қала алатындай көрінген.

Бәрі 80-минутта өзгерді - Франция пенальти тебуге мүмкіндік алды. Нүктеге келген Килиан Мбаппе мүлт кетпеді. Аргентиналықтар есін жиып үлгерген жоқ, бір минуттан соң француздар таразы басын теңестіріп тастады. Килиан Мбаппе жойқын соққымен дубль авторы атанды - 2:2.

Осылайша, матч овертаймға ауысты. Ал екінші экстра-таймда Месси гол соғып, Аргентинаны қайта алға шығарды. 

Бірақ тағы да Франция құрамасы есепті теңестіре алды. Ойын соңына қарай француздар тағы да пенальти тебуге мүмкіндік алды, Мбаппе тағы да гол соғып, хет-трик авторы атанды.

Сондықтан әлем чемпионы пенальти сериясында анықталды. Ал шешуші сәтте Аргентина футболшылары дәлдік танытты.

Осылайша, Аргентина құрамасы үш дүркін әлем чемпионы атанды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш