Сенсация! Бразилия құрамасы әлем чемпионатымен қоштасты

Сенсация! Бразилия құрамасы әлем чемпионатымен қоштасты
Фото: Reuters

Бразилия құрамасы Катардағы әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама ала алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ширек финалды Хорватия мен Бразилия кездесуі ашты. Матчте Бразилия ойыншылары басымдық танытып, жиі қауіпті соққы жасады. Бірақ хорват қақпашысы Доминик Ливакович барлық соққыны қайтарып, он шақты сейв жасап тастады.

Осылайша, кездесудің негізгі уақытында есеп ашылмады. Сондықтан командалар экстра-таймдар өткізді. 105-минутта Неймар алаң ортасында допты қабылдап алып, әріптесімен пас алмасты да, гол соқты. Артынша хорваттар сапында көбірек шабуылшы алаңға шығып, еуропалық команда шабуылда белсене бастады. Бұл жемісін берді. 117-минутта Бруно Петкович сол қанаттан асырылған допты Бразилия қақпасында тулатты - 1:1.

Кездесу жеңімпазы пенальти сериясында анықталды. Ал ойыннан кейінгі лотереяда хорват футболшылары жеңіске жетті.

Неймар бұл кездесудегі голымен футбол патшасы Пеленің рекордын қайталады. Енді екі футболшы да Бразилия сапында 77 гол соғып, құрама тарихындағы үздік сұрмерген атанып тұр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш