Тағы бір сенсация. Германия жеңіске жетті, бірақ Испанияны топтан шығарды

Тағы бір сенсация. Германия жеңіске жетті, бірақ Испанияны топтан шығарды
Фото: Reuters

Жапония мен Испания құрамалары футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Футболдан әлем чемпионатының Е тобындағы жолдама тағдыры соңғы минуттарға дейін белгісіз болды. Соңғы турда Жапония мен Испания, Коста-Рика мен Германия құрамалары кездесті. Төрт құраманың да топтан шығатын мүмкіндігі болды. Себебі Испанияда 4, Жапония мен Коста-Рикада 3, Германияда бір ұпай бар еді.

Жапония құрамасы Испанияны 2:1 есебімен жеңді. Ойынның басында Альваро Мората испандарды алға шығарды. Алайда екінші таймда жапон футболшылары жауапсыз екі гол соғып, жеңісті жұлып әкетті. 48-минутта Рицу Доан, үш минуттан соң Ао Танака қанжығасын майлады.

Ал Германия Коста-Риканы 4:2 есебімен жеңді. Ойынның 10-минутында Серж Гнабри есеп ашты. Ал екінші таймда Ельцин Техеда мен Хуан Варгас гол соғып, Коста-Риканы алға шығарды. Дегенмен артынша Кай Хаверц дубль жасап, Никлас Фюлкруг гол соғып, Германия басым түсті.

Қатар өтіп жатқан кездесулер барысында жолдама иелері бірнеше рет өзгерді. Бірінші таймнан кейін Испания мен Германия құрамалары плэй-оффқа шығып тұрды.

Кейін Жапония мен Коста-Рика алға шыққанда, дәл осы құрамалар плэй-оффта тұр еді. Артынша немістер алға шығып, жолдаманы Испанияға сыйлады. Себебі жеңіліп қалған Коста-Рика Испаниядан бір ұпайға қалып қойды.

Осылайша, алты ұпай жинаған Жапония топта бірінші орын алды. Испания төрт ұпаймен екінші орын иеленіп, плэй-офф кезеңіне шықты. Төрт ұпайы бар Германия гол айырмашылығы нашар болғандықтан, үшінші орында қалды. Ал Коста-Рика құрамасы үш ұпаймен соңғы орында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш