- Негізгі бет
- Спорт
- Роналду сұхбатында "Манчестер...
Роналду сұхбатында "Манчестер Юнайтед" басшыларын сынға алды
Криштиану Роналду журналист Пирс Морганға сұхбат беріп, даулы мәлімдеме жасады. "Манчестер Юнайтедтің" шабуылшысы бас бапкер Эрик тен Хагты сатқындық жасады деп айыптап, қарым-қатынасы нашар екенін айтты, - деп хабарлайды Tengri Sport.
"Мен "Манчестер Юнайтед" маған опасыздық жасағанын сеземін. Бұл сұхбатты не үшін беріп отырмын? Адамдар шындықты білуі керек. Тек биыл емес, былтыр да сондай сезім болған", - деді португалиялық спортшы.
Криштианудың айтуынша, бас бапкер ғана емес, "командадағы тағы екі-үш жігіт" сатқын болып шыққан.
"Барлық сәтсіздік үшін мен ғана айыпты болдым. "Манчестер Юнайтед" енді менен құтылмақшы ма? Мен білмеймін. Шынымды айтсам, маған бәрібір. Адамдар шындықты білуі керек.
Джакузи және басқа да процедурадағы жаңа технологиялардың, заманауи тренажерлар мен жетілдірілген тамақтану жүйесінің жоқтығына көңілім қалды. Алекс мырза кеткеннен бері мен клубта ешқандай өзгеріс көрген жоқпын. Прогресс жоқ. Өкінішке қарай, 20-23 жасымда есімде қалған нәрсенің бәрін қайта көрдім", - деді ол.
Португалиялық шабуылшы сұхбатында тен Хагқа деген көзқарасы туралы ашық айтты.
"Мен тен Хагты сыйламаймын, өйткені ол мені сыйламайды. Егер адам маған құрмет көрсетпесе, мен де сондай әрекет етемін", - дейді спортшы.
Сонымен қатар, Роналду клубты 2021 жылғы қарашадан 2022 жылғы мамырға дейін уақытша басқарған "Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы жаттықтырушысы Ральф Рангник туралы айтты.
"Егер тіпті тренер болмасаңыз, "Манчестер Юнайтедте" қалай басшы боласыз? Мен ол туралы бұрын естіп көрмегенмін", - деді португалиялық спортшы.
Журналист Пирс Морган апта ортасында Криштиану Роналдумен толық сұхбатты көрсетуге уәде берді. Сонымен қатар, БАҚ мәліметінше, қазір жанжалды мәлімдемелерден кейін португалиялықтың командаға оралуы екіталай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек