Футболдан әлем чемпионатын қайдан көруге болады?

Футболдан әлем чемпионатын қайдан көруге болады?
Фото: facebook.com/fifaworldcup

"Қазақстан" теле-радиокорпорациясы биыл 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Катарда өтетін футолдан Әлем чемпионатын көрсету құқығын иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап. 

Қазақстандық жанкүйерлер чемпионат матчтерін Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Сонымен қатар, qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайты мен Qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы онлайн трансляция жасалады.

ХХІІ Әлем біріншілігі Катардың 5 қаласында 8 стадионда өтеді. Трансляциялардан бөлек, бір ай бойы тікелей эфирде арнайы бағдарламалар циклы ұйымдастырылады.

20 қарашадан бастап "Қазақстан" теле-радиокорпорациясының түсірілім тобы Катар стадиондарынан репортаждар ұсынып, тікелей қосылымдарға шығады. Чемпионат кезінде Корпорацияның әлеуметтік желідегі парақшаларында жанкүйерлер арасында футбол атрибуттары ойнатылады.

"ХХІІ Әлем біріншілігінің ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығы тек "Қазақстан" республикалық теле-радиокорпорациясына тиесілі. Чемпионатты өзге ақпарат көздерінен трансляциялауға, таратуға тыйым салынады. Ел аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік ғимараттар мен қоғамдық орындардағы көрсетілімдер де тек Qazaqstan және Qazsport телеарналарының эфирі арқылы жүзеге асуы тиіс. Ойындарды жүргізетін комментаторлар мен матчтер кестесі жақын уақытта жарияланады", - делінген хабарламада. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина