Жаттығудан соң неліктен салмақ қосылады?

Жаттығудан соң неліктен салмақ қосылады?
Фото: unsplash.com

Арықтауға тырысып жүрсіз, бірақ жаттығудан соң таразыға тұрсаңыз, ондағы сан азаюдың орнына артып жатыр. Көңіліңізді түсірмеңіз. Оның бірнеше себебі бар.

1-себеп: Бұлшықеттер өсіп жатыр.

Кез келген физикалық белсенділіктің артуы бұлшықеттердің өсуіне және күштік қасиеттердің артуына әкеледі. Бұлшықет массасының қаншалықты артатыны тамақтануға және орындайтын жаттығу типіне байланысты. Мысалы, күштік жаттығуларды ақуызды көп мөлшерде жеумен үйлестірсеңіз, айтарлықтай нәтиже байқайсыз. Жүйелі жаттығулардан бұлшықет массасын қаншалықты тез әрі көп жинайтыныңызға генетика да әсер етеді: біреулерде бұлшықеттер тез өссе, басқаларға көбірек уақыт керек.

Егер сіз бұлшықет массасын оңай жинасаңыз, өзіңізді бақытты санауыңызға болады. Себебі бұлшықеттер — күш пен денсаулық синонимі. Бірақ бұлшықеттермен бірге таразыдағы сан да өсетініне таңғалмаңыз. Бұлшықеттер майға қарағанда тығыз болғандықтан, сіз арықтап, сымбатты болып жатсаңыз да салмақ өсе беруі мүмкін. Мысалы, жүйелі жаттығу жасап жүріп, беліңізді өлшесеңіз, бірнеше сантиметр азайғанын байқауыңыз мүмкін. Бірақ таразыда әлі сол бұрынғы салмағыңызда тұрасыз. Бұл жақсы белгі. Ол сіздің майды жоғалтып, біруақытта бұлшықеттер жинап жатқаныңызды білдіреді.

2-себеп: Бұлшықеттер жаттығудан соң қалыпқа келіп жатыр.

Жаттығудың өзі уақытша салмақтың артуына әкелуі мүмкін. Бұл нәтиже алу үшін жақсы жұмыс істегеніңізді көрсетеді.

Жаттығулар, әсіресе, күштік жаттығулар бұлшықеттік тінді зақымдайды. Бұл өте ауыр немесе үйреншіксіз жаңа жаттығулардан кейін орын алатын уақытша құбылыс. Бұлшықеттер қабынады, ал ол зақымдалған тіндерде ақ қан жасушаларының жиналуына әкеледі. Қабыну мен сұйықтық жиналуы жаттығудан соң салмақтың артуына ықпал етеді. Жаттығу кезінде бұлшықеттердің зақымдалуы денеңіздің ауыруына әкеледі. Жаттығудан кейін денеңіздің бір-екі күн ауыруынан қорықпаңыз. Ол бұлшықеттердің өсуіне және дамуына мүмкіндік береді.

3-себеп: Спорттық тағам.

Спорттық қоспалар немесе жаттығудан кейінгі тамақтану сәл салмақтың артуына әкелуі мүмкін. Жаттығулар — әсіресе, жүгіру немесе велосипедпен жүру секілді шыдамдылыққа арналған ұзақ жаттығулар ағзадағы гликоген қорын бітіреді. Сондықтан тәжірибелі спортышылар жаттығу кезінде немесе одан кейін құрамында көмірсулары көп сусындар ішеді. Салмақтың артуына бұлшықет массасын жинауға арналған қоспалар да ықпал етеді. Мысалы: креатин.

4-себеп: Талшықтарға бай тағам.

Көкөністер, жемістер және тұтас дәнді өнімдерде аспаздық талшықтар бар. Бұл талшықтар жаттығудан соң қарынды жақсы тойдырады, бірақ уақытша салмақ қосуы мүмкін. Себебі талшықтар тоқ ішекте суды ұстап тұрады деп саналады. Бірақ көп ұзамай ол ағзадан шығады. Оған қоса, талшықтар асқорытуды жақсартады, сондықтан рационнан оларды алып тастаудың қажеті жоқ.

А. Жапатова