Әлем чемпионаты екі жылда бір рет өткізіле ме? – ФИФА-ның ұсынысы көпшіліктің наразылығын тудырды

Әлем чемпионаты екі жылда бір рет өткізіле ме? – ФИФА-ның ұсынысы көпшіліктің наразылығын тудырды

Шамасы, футболда жаңа революция болуы мүмкін. Cadena Ser -дің хабарлауынша, ФИФА ұлттық федерацияларға әлем чемпионатын екі жылда бір өткізу жоспарланып отырғаны туралы құжат жіберген. Мұндай өзгерістерді 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін енгізу ұсынылған.

Бұл қандай реформа?

ФИФА жаңа кесте ұлттық құрамаларға ыңғайлы болады деп уәде берді. Ұйымның айтуынша, өзгерістер ойыншыларға жүктемені азайтады. Ұлттық құраманың ойындарына қазіргі кездегідей 50 күн емес 30 күн бөлінеді. Іріктеу цикліндегі ойындар саны да қысқарады – халықаралық турнирлердің іріктеу кезеңі 7 ойынмен шектеледі, ойындар екі айда – қазан мен наурызда өтеді.

ФИФА Лионель Месси ұлттық құрамада 2014-2018 жылдар аралығында 324 мың км. Жол жүргенін мысал ретінде көрсетті. Ұйымның мәліметінше, реформадан кейін бұл қашықтық 157 мыңға дейін қысқарады. (2026-2030 жж.) Оңтүстік Американың құрама командалары үшін төрт жылдық циклдегі ойындар саны қазіргі 38-ден 34-ке дейін қысқарады. Ал Еуропадағы командалар 44 емес, 43 ойын өткізеді. Әлем чемпионатын жұп санмен аяқталатын жылы, ал құрлық чемпионатын тақ санмен аяқталатын жылдары өткізу жоспарланып отыр.

Бұған дейін ФИФА президенті Джанни Инфантино әлем чемпионатын жаңа жүйеге көшірудің артықшылықтары туралы айтқан болатын.

"Меніңше, әлем чемпионатын екі жылда бір өткізудің артықшылығы бар. Бұл бәсекелестіктің жоғары деңгейі, басқаларға үміт сыйлау және сенсация мүмкіндігі. Әлем чемпионатын әр төрт жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданған кезде ұлттық құрамалардың саны 40 болды, ал қазір бізде 211 команда бар", - деді Инфантино.

Бұл идея қашан пайда болды?

Әлем чемпионатын екі жылда бір өткізу идеясы алғаш рет осы жылдың мамыр айында ФИФА конгресінде айтылды. Сауд Арабиясының өкілі осындай бастаманы ұсынды, оның идеясын 166 федерация өкілдері мақұлдады. Содан кейін ФИФА жүзеге асыруға болатын реформаларды зерттей бастады.

Қазіргі уақытта ФИФА-ның жаһандық даму бойынша директоры "Арсеналдың" бұрынғы басшысы Арсен Венгер жанкүйерлерге түсінікті әрі үлкен деңгейдегі ойындар қажет екенін айтты.

"Елестетіңіз: 2026 жылы АҚШ, Мексика және Канадада өтетін әлем чемпионаты; 2027 жылы – Еуропа чемпионаты және басқа құрлық чемпионаттары, 2028 жылы – тағы да Әлем чемпионаты. Іріктеу ойындары қысқарады, плей -офф ойындары көбірек өтеді. Жанкүйерлердің қалауы да осы емес пе?!", - деді ол L'Equipe –ге берген сұқбатында.

Кім қарсы болды?

Әлем чемпионатын екі жылда бір өткізу идеясы УЕФА президенті Александр Шеферге ұнамады. Ол тіпті егер ФИФА өз жоспарын орындайтын болса, еуропалық командаларға бойкот жариялаймын деп қорқытты. Оның айтуынша, әлем чемпионатын екі жылда бір өткізу турнирдің маңыздылығын төмендетеді, сонымен қатар ойыншылардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы (КОНМЕБОЛ) мен Еуропа футбол қауымдастығы да мұндай реформаға қарсы шықты.

Әлем чемпионы, бұрынғы неміс футболшысы Филипп Лам мұндай реформаның кемшіліктерін тізіп берді. Оның пікірінше, мұндай өзгеріс ойыншылардың да, жанкүйерлердің де наразылығын тудырады.

"Әлем чемпионаттары арасындағы уақыттың қысқаруы футболдың негізгі элементі ақша екенін көрсетеді. Негізгі спорт жарыстары шыдамдылық пен уақытты қажет етеді. Бұл олардың тұрақтылығы үшін маңызды. Футболдан көптеген турнирлер жанкүйерлердің өміріне әсер етуі мүмкін. Үлкен турнирлер әрқашан есте қалады. Гректер Еуропа чемпионы атағына төрт жыл, португалдықтар – бес, испандықтар – сегіз жыл ие болып жүрді. Егер жыл сайын ірі турнирлер өткізілсе, бұл әлеуметтік желідегі келесі жаңа арнаға немесе телефондағы жаңа қосымшаға ұқсайды. Үнемі қарқынды ойындар ойыншыларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Мен 2014 жылы құрама командасынан кетіп қалдым, себебі көп тапсырмалар, жүктемелер мен ұдайы қысымға шыдамадым, бірақ үш жыл бойы клубта футбол ойнауды жалғастырдым", - деді ол.

Мұндай реформаларды Adidas бас директоры Каспер Рорштед те сынға алды. Бұл компания ФИФА -ның негізгі демеушілерінің бірі.

"Әлем чемпионатын екі жылда бір рет өткізу дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, басқа турнирлер бар: Еуро, Америка Кубогы т.б. Басқа нәрселерге де уақыт болуы керек. Мен футболды жақсы көремін, бірақ теледидардан биатлон, гандбол, тау шаңғысы, теннис жарыстарын да көргім келеді. Егер біз тек бір спортты үлкен күшпен насихаттайтын болсақ, оның ешкімге пайдасы болмайды", - деді ол.

Ұсынылған өзгерістер бойынша дауыс беру желтоқсанда өтеді. ФИФА бұл ұсыныстарды федерациялардың көпшілігі мақұлдайтынына сенімді. Бұрын реформаларға қарсы болған УЕФА мен КОНМЕБОЛ басшыларының қалай әрекет ететіні белгісіз.

Т. Раушанұлы