"Қайрат" Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты

"Қайрат" Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты
Фото: fckairat.kz

"Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты. Алматылық клуб қарымта ойында Израильдің "Маккаби Хайфа" клубын 2:0 есебімен ұтты.

Бір апта бұрын Хайфада өткен ойында командалар 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Алматыда отандастарымыздың мерейі үстем болды.

"Қайрат" ойынның 10-шы минутында-ақ есепте алға шықты. Артур Шушеначев берген пасты Вагнер Лав сәтті пайдаланды. Допты қонақтар қақпасы торында тулатты.

66 минутта Айбол Әбікен екінші гол соғып, "Қайраттың" айқын жеңісіне жол ашты. Ойын соңында футболшылардың жүйкесі сыр беріп, жаппай қақтығыс болған. Екі командадан бір-бір ойыншы алаңнан қуылды. Алматылық клуб сапында Сергей Кейлор алаң сыртында қызыл қағаз алса, "Маккаби Хайфа" ойыншысы Али Мохамед кездесуді ерте аяқтады.

"Қайрат" екінші іріктеу кезеңінде Сербияның "Црвена Звезда" командасымен кездеседі.

Н. Үсенова