Елдос Сметов Ташкенттегі турнирде күміс алды

Елдос Сметов Ташкенттегі турнирде күміс алды
Фото: olympic.kz

Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан Grand Slam турнирінде 60 килоға дейінгі салмақта Елдос Сметов күміс жүлде еншіледі. Финалда отандасымыз жапон спортшысы Рюдзю Нагаямамен белдесіп, қарсыласына есе жіберіп алды.

Қазақстандық дзюдошы бірінші белдесуінде неміс Максимилиан Гейдерді ұтты. Одан кейін өзбек Мирзохид Махамоджановтан басым болды. Үшінші белдесуінде грузин Джаба Папинашвилиді жарыс жолынан шығарды.

Жартылай финалда әзербайжан Карамат Хусейновты жеңіп, финалға шықты. Алтын медаль үшін өткен белдесуде отандасымыз IJF рейтингінде 1-орында тұрған жапон спортшысына жол берді. Бір вазари ұпайымен Рюдзю Нагаяма жеңіске жетті.

60 кило салмақта қазақстандық тағы бір дзюдошы Дамир Болатбеков те татамиге шыққан еді. Алайда бірінші белдесуінде португал Родриго Лопес Костаға жол беріп, жарысты ерте аяқтады.

66 кило салмақта Ерлан Серікжанов қола медаль үшін белдескен. Ол ресейлік Арам Григорянға есе жіберіп, жарысты 5-орынмен аяқтады.

Н. Үсенова