“Сотта шешіледі“ - министр танымал блогер Жанәбіловтің ісіне қатысты

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ұйымдастырған ұтыс ойнына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет дәлізінде министрден ұтыс ойнын өткізетін блогерлердің әрекеті қаншалық заңды екені сұралды.

"Жеке тұлғадан өтініш түсті. (...) Бүгінде толық тексеріс жүріп жатыр, іс сотқа берілді. Бұл іс сотта шешіледі", - деп түсіндірді Ербол Мырзабосынов.

Журналистер министрден осындай ұтыс ойындарын өткізетін басқа қазақстандық блогерлерге қатысты тексеріс жүргізіліп-жүргізілмейтінін сұрады.

"Басқаларға қатысты айтар болсақ, біздің комитет бұл жұмыспен айналысып жатыр. Кімдер тексеріліп жатқанын айта алмаймын. Бірақ Жанәбіловтер бойынша іс сотқа берілді", - деді министр.

Дау қалай өрбіді?

Бұған дейін блогерлер Instagram-да 11 көлік ойнатылатынын жариялаған болатын. Шарты қарапайым көрінген, репост жасау ғана. Алайда 21 тамызда оқырмандар тікелей эфирдің орнына құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business ақылы курсының сілтемесін көрген. Конкурсқа тек курсты сатып алғаннан кейін қатысуға мүмкіндік берілетіні белгілі болды. Бұл жұрт арасында наразылық тудырды.

Кейінірек Жанәбіловтер ұйымдастырған даулы конкурс сотқа жетті. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз