Сирек кездеседі, бірақ өте қауіпті: ботулизм туралы не білу керек?

Сирек кездеседі, бірақ өте қауіпті: ботулизм туралы не білу керек?
Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысында 9 жастағы бала көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша ол жолдан сатып алынған ысталған балық жеген. Massaget.kz ботулизм туралы пайдалы кеңес ұсынады.

Ботулизм қандай ауру?

Ботулизм - адам ағзасына ботулотоксин түсуі салдарынан дамитын токсикоинфекция. Токсин адам ағзасына асқазан-ішек жолдары арқылы енеді. 

Ботулизмі - салыстырмалы түрде сирек кездесетін ауру, бірақ салдары өте ауыр. Оған үйде консервіленген тамақ өнімдері, сондай-ақ, ашыту арқылы әзірленген басқа да тағамдар себеп болуы мүмкін. Мамандар балық та қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Бұл тағамның құрамында ботулинум микробтары немесе токсиндер болуы мүмкін. 

Ауру адамнан адамға берілмейді. Ботулизмнің қоздырғыштары топырақ пен көңде, жемістер мен көкөністерде, балықта, жануарлардың жем-шөбінде, тіпті жануарлардың нәжісінде кездеседі.

Ботулизмнің алғашқы белгілері қандай?

Алғашқы екі-үш сағатта әлсіздік, бұлшықет әлсіздігі, болмашы бас ауру, жеңіл бас айналу, көру қабілеті нашарлауы, қабақ төмен түсуі байқалады. Салдарынан адамның аузы құрғап, шөлдейді.

Аурудың алғашқы екінші, үшінші күнінде кейбіреулердің іші ауырады. Ерте және өте жиі кездесетін симптом - аурудың алғашқы екінші күнінде құсу. Температура әдетте қалыпты болады немесе бірнеше күн бойы 37,7-38 градус аралығында адамның қызуы көтеріледі. Осы ауруға тән тағы бір симптом - іш қату.

Ауру күшейген сайын аяқты тәлтіректеп басу секілді белгілер де көрінеді.

Негізгі емі қандай?

Мамандардың сөзінше, ботулизмнің негізгі емі - токсиннің әсерін бейтараптандыру, яғни ботулинге қарсы сарысу салу. Дәрігерлер ботулизм белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек екенін еске салды.

Неден сақ болу керек?

  • үйде дайындалған консерві өнімдерін сатып алмаған жөн;
  • көкөністер, жеміс-жидектерді мұқият жуған дұрыс;
  • бұрын алынған, бүлінген көкөністерді, жемістерді консервілеуге болмайды;
  • консервіленген тағамдарды қолданар алдында 20-25 минут қайнатқан дұрыс, осы уақыт ішінде ботулизм токсині ыдырайды;
  • ескірген және түбінде тұнбасы бар банкаларды тамаққа қолдануға болмайды;
  • өнімді рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмаған жөн;
  • қақпағы ісінген консервілерді жемеген дұрыс;
  • базардан үйде дайындалған салат, саңырауқұлақ, қақталған балық, басқа да көкөністерді сатып алуға тыйым салынады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget