Сирек кездеседі, бірақ ең қауіптісі: саркома туралы не білу керек?

Саркома - ағзадағы дәнекер тіндерді, соның ішінде сүйек, бұлшықет, шеміршек, қан тамырлары, май және жүйке тіндерін зақымдайтын қатерлі ісік. Онколог Айдын Сатыбаевтың айтуынша, саркоманың 50-ден аса түрі бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.

Бұл түрі көп тараған карциномадан ерекшеленеді, себебі эпителий жасушаларынан емес, дәнекер тіндерден дамиды және дененің кез келген бөлігінде пайда болуы мүмкін. Оны көбіне "үнсіз" және байқалуы қиын қатерлі ісік деп атайды.

Алматының №11 қалалық емханасының онкологы Айдын Сатыбаевтың айтуынша, саркоманың 50-ден аса түрі бар, бірақ жиі кездесетіндері - остеосаркома (сүйек обыры), липосаркома (май тінінің обыры), ангиосаркома (тамыр ісігі), синовиалды саркома және рабдомиосаркома (бұлшықет обыры).

Олардың кейбірі өте тез дамып, жылдам метастаз береді, ал кейбірі баяу өседі, бірақ кез келген жағдайда мұқият бақылауды қажет етеді.

"Саркома - сирек кездесетін дерт, ол - қатерлі ісіктердің 1%-дан азы. Алайда оны анықтау қиын. Ісіктің бастапқы кезеңінде ауырсыну байқалмайды", - деді маман.

Саркоманың даму себептері әлі толық зерттелмеген. Қауіп факторларына тұқымқуалау, радиациялық әсер, зиян химиялық заттар және жарақаттар жатады. 

"Денеде кез келген ісік немесе түйін өсіп жатса, елемеуге болмайды. Ауырмайтын болса да, дәрігерге қаралып, тексерілген жөн. Ерте жүгінген жағдайда емделу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары", - деді Айдын Сатыбаев.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!