Танымал әнші Қарақат Әбілдина Қыдырәлі Болмановпен алғаш танысқан сәтін еске алды. Бұл туралы ол "Төрлетіңіз!" бағдарламасында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің сөзінше, олар тойда танысқан.
"Консерваторияның 1-курсына түскен жылы генерал ағамыздың үлкен тойы болып, сол тойға қонақ қылып "АБК"-ны шақырды. Бірақ мен білмеймін. "АБК" ол кезде жұлдыз. Бұл адамдарды жанынан көру арман. Ал мен дәстүрлі ән өнері мектебіне түскенмін. Сөйтіп, домбырамен бір-екі ән айтуға аға-апа шақырды. Мен келіп отырған кезде, "АБК" тобы аяқтарынан тік тұрып қарсы алған кезде менің көзім де, өзім де әсерленді. Сол жігіттер қарама-қарсыма жайғасты. Қарағым келеді, маған қарап отырады. Жанарымыз түйісіп қала берді. Антракт кезінде автограф сұраған кезде Қыдекең "мен сені шығарып салсам, қайда тұрасың?" деп, мен "аға-апа алып келді, сол кісі алып барады" дедім. Бірақ консерваторияның жатақханасы екенін түсінді. Қай бөлмеде тұратынымды білмейді. ..."АБК" бәрін билетіп кетті. Бір сағаттан кейін аға мен апа жатақханама алып келді", - дейді әнші.
Қарақат Әбілдина осы тойдан кейін бүгінде өмірде, өнерде серігіне айналған Қыдырәлі Болманов жатақханаға іздеп келгенін айтты.
"...Бір кезде "Қарақат" деген дауыс шығады. Отыра бердім. Бір кезде тағы Қарақат деп айғайлайды. Басымды шығарып, "мен Қарақат" деп едім, жоғары курстың қыздары "Қыдырәлі Болманов саған кім болады?" деді. Шошып кеттім. "Ағам" дедім. "Сені төменде ағаң күтіп тұр" дейді. Сол күні сағат түнгі 12-де Қыдекең жатақханаға келіп, қар жауып тұр далада, қарды жинап, терезеге лақтыра берген. Қыздар шықса, "Қарақатты шақырып жіберіңдерші" деген. Сондай қызық болған", - деп еске алды әнші.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!