Саяхаттау адамға ерекше әсер сыйлайтыны анық. Ал әлемді анаңмен бірге аралау - тіпті бөлек сезім. Дүниедегі ең жақыны - анасымен бірге Еуропа аралаған Мереке Рахманова да дәл осындай пікірде. Massaget.kz тілшісі анасының арманын орындаған қызбен сұхбаттасып, Еуропа сапарынан қандай естеліктер қалғанын сұрады.
"Сенімен дүние емес, естелік қалады"
Мереке Рахманованың сөзінше, анасымен арада ерекше байланыс қалыптасқан. Сондықтан бірге әлем аралауды бұрыннан ойлап жүрген әрі бұл бала арман болған.
"Бізде тек ана мен бала арасындағы қарым-қатынас емес, анам екеуміз жан құрбы сияқтымыз. Кішкентай кезімнен ата-анама ел көрсетемін, шетелдерге апарамын деп өскен балалардың бірімін. Кішкентай кезімнен сондай арманым болды. Өзім де саяхаттауды жақсы көремін. Саяхаттау, ел көру адам санасын, көкжиегін кеңейтеді. Әр баланың ата-анасына жасаған, жасай алатын сыйлығы - әлемді көрсету, естен кетпес сәттерді сыйлау. Өмір көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді. Бізбен қалатын зат дүние емес, естеліктер. Мен үшін мотивация - жақын адамдарымды қуанта алу. Сол қуаныш еңбегімнің жемісі деп білемін", - дейді ол.
"Тосынсый жасадым"
Ал Еуропа сапары ана мен қыздың бірінші әлем аралауы емес екен. Бұған дейін олар Дубайға бірге барған.
"Ең алғаш сапарымыз 2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне болды. Дубай, Абу-Даби қалаларына бардық. Ол кезде АҚШ-қа тағылымдама бойынша барған едім. Үш ай жазда қосымша жұмыс істеп, елге келіп, анама Дубайға 10 күнге жолдама сыйладым. Екеуміз бірге барып, керемет уақыт өткіздік. Сол кезде осылай қайталап тұру керек екен деп ой түйіп қайттым. Жағажайдағы демалыс қолжетімді дүние, кез келген жаста баруына болады деп ойладым. Келесі сапар Еуропаға болсын деп іштей мақсат қойып қайттым. Еуропа - мәдениеттің отаны, рухани баю мүмкіндігі", - дейді Мереке.
Бір саяхатқа шыққан адам үнемі әртүрлі елді аралағысы келуі - қалыпты құбылыс. Мереке де анасымен бірге сапарды Дубайдан тоқтатпауды шешкен. Еуропаны аралау туралы идея да сол Дубай сапарында пайда болыпты. Ал бұл Мерекенің анасына күтпеген тосынсый болған.
"Идея Дубайда жүргенде келді. Қазір Назарбаев университетінде магистратурада медицина мектебінің 2-курс студентімін. Сабақ күрделі, көп еңбекті талап етеді. Сондықтан осы жазда анаммен демалып қайту керек, Еуропаға баратын сәт туып тұрған сияқты деп жоспарладым. Идеямды жұбайыммен бөліскен кезде бірден қолдады. Кейін әкеммен ақылдастым, ол да бірден қолдау көрсетіп, "барып қайтыңдар, тіл білесің, анаңа көрсетіп кел, өзім де қаржылай көмектесіп, демеуші боламын" деді. Осылайша, виза жасау, билет алу секілді жұмыстарға кірісіп, барлығын өзім алып қойдым. Сөйтіп, анама тосынсый жасадым. Ол визаға кірер кезде білді", - дейді ол.
"Болоньез пастасы шыққан қалада болдық"
Мереке Рахманова мен анасы Ұлдар Асилованың Еуропаға сапарында 4 ел қамтылған. Бұл сапарда күллі әлемге болоньез пастасымен танымал болған Болонья қаласын көру мүмкіндігі де туған.
"Бірінші Италияда, оның ішінде Милан, Венеция, Болонья деген қалаларында болдық. Болонья - болоньез пастасы шыққан қала. Одан кейін Швейцарияда, Женева, Лаутербруннен, Интерлакен қалаларында болдық. Лаутербруннен, Интерлакен - курорттық қалалар, табиғаты өте керемет. Францияда Парижде, Испанияда Барселонада болдық. Әр елде 3-4 күндей болдық", - дейді Мереке.
Мереке бұған дейін де бірнеше елді көрген. Ал анасы қасиетті Мекке, Медина қалаларында, Дубайда болған.
"Өзім Ұлыбританияға, Лондон, Оксфорд, Кембридж қалаларына барғанмын. Бұл жақта тіл мектебінде оқыдым. Кейін АҚШ-қа бардым. Нью-Йорк қаласында, Вашингтон штатындағы Сиетл қаласында, Теннесси штатындағы Нашвилл қаласында, Гавайи штатында болдым. Дубайда, Түркияда да болдым. Ал анам қажылыққа, Мекке, Медина қалаларына барған. Екі рет Дубайда болды. Біріншісінде мен апарсам, келесісінде ағам жіберді", - дейді ол.
"Шетелдіктер қызыға қарады"
Мереке анасымен бірге сапарға шығып арманы орындалғанын, ал екеуіне шетелдіктер қызыға қарағанын жасырмады.
"Сапарда керемет жандар жолықты. Бәрі сәтті, оңынан болды. Барлық сапарымның, саяхатымның ішінде ең есте қаларлығы осы анаммен сапар болды. Барлығы "анаңмен жүрсің бе" деп қызыға қарап, көмекке ұмтылды. Өзім де армандарым орындалғанына қатты қуандым. Анам 55 жаста. Бірақ ешқандай шаршамай, белсенді болды. Біздің де мақсат әр елдің таңғажайып жерлерін көру еді. Әр елдің асханасымен де таныстық. Ендігі арманым ата-анам мен жолдасымның ата-анасына Американы көрсеткім келеді", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол Еуропаның 4 елін аралауға қанша қаржы жұмсағандарын айтты.
"Барлық саяхаттың жоспарын өзім жасадым. Төрт елге баруға 5 миллион шамасында кетті. Бұл ақша бәріне жетті: таңғы және түскі ас, қалалардың арасындағы ұшақтар, т.б.", - деді Мереке.
Мереке анасы фармацевтика саласында жұмыс істейтінін әрі ең бастысы бұл сапарда анасының бір арманы орындалғанын айтады.
"Анамның Женеваны көру арманы еді. Өйткені мұнда БҰҰ кездесулері, президенттердің жолығуы секілді үлкен шаралар өтеді", - дейді ол.
"Швейцария отшашумен күтіп алды"
Мерекенің сөзінше, саяхат қызық оқиғаларымен де есте қалған.
"Италияда анаммен түскі ас ішіп отырғанда, көрші дастарханда менімен шамалас жасты қыз отырды. Кейін әкесі мен қызы екенін білдік. Сол қыз "анаңмен жүрсің бе" деп сұрады. "Иә, анаммен" деп едім, қай елден екенімізді сұрады. Ал олар швейцариялықтар екен. Біз келесі күні Швейцарияға жолға шығатын едік. Олар кеңестерін беріп, елдерінің тарихын айтып берді. Ал Швейцарияға барған күні сол елдің туған күніне тұспа-тұс түсіппіз. Негізі, бұлай жоспарламадық. Қала орталығына кіргеннен бастап мерекелік атмосфера сезілді. Бұл мерекені олар жаппай тойлайды екен, бізге тегін экскурсия болды. Анам мәдениетке, тарихқа қатты қызығады. Мәдени ләззат алдық десек те болады. Түнде отшашу атылды. Бізді солай күтіп алғандай болды. Мерекеге тура барыппыз", - дейді ол.
Саяхаттың ең бір ерекше тұсы - әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдармен тілдесу мүмкіндігі. Бұл сапарда Мереке мен анасы да осы мүмкіндіктен құр қалмаған.
"Венецияда ұялы телефонымның қуаты таусылып қалды. Мейрамханада кімде қуаттағыш бар екенін сұрай бастадым. Сол кезде көрші үстелді әкесі, анасы, екі баласы, яғни бір отбасы отырды. Олар АҚШ азаматтары екен. Үйленгендеріне 18 жыл болғанын тойлап отыр екен. Ал әйелі анаммен түйдей құрдас екен. Екеуі ұзақ әңгімелесті. Арада мен аудармашы болдым. Сол кезде тілдік барьер, әртүрлі ұлт өкілі болғанына қарамастан, әйелдер әрқашан бір-бірін түсінетінін, ортақ тіл табатынын ұқтым. Олар Вашингтонда лауазымды қызмет атқарады екен. Мен болашақ мансабым туралы сұрадым, олар кеңестерін айтты", - дейді ол.
Олар бір сәтте тіпті ертегіге түскендей ерекше әсер алған.
"Ал Швейцарияда Интерлакен қаласында зүбәржат түстес екі өзен бар. Сол өзендердің жағажайына бара жатқанда, себелеп жаңбыр жауа бастады. Ал жағажайға жеткенде, күн шығып, күннің артынан үлкен кемпірқосақ шықты. Сол сәтте ертегіге түскендей болдық. Анам екеуміз балаша қуандық", - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін немересі 80 жастағы әжесінің арманын орындағаны, бірге Еуропа аралағаны туралы жазған едік.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!