Іштей жей береді: “ең үнсіз“ қатерлі ісік түрі қайсы?

Ұйқы безі қатерлі ісігі - "ең үнсіз" онкологиялық аурулардың бірі. Бұл туралы Алматы онкология орталығының онкологы Ернар Аймағанбетов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауру айқын белгілерсіз ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, сондықтан ол көбіне дамыған сатысында анықталады. Алғашқы белгілер көбіне шаршау, ас қорытудағы қиындықтар ретінде көрінуі мүмкін. Оған әлсіздік, салмақ тастау, іш пен арқадағы жайсыздық немесе ауырсыну, қандағы қант деңгейі кенет жоғарылауы да жатады.

Ернар Аймағанбетов ерте диагностика өте маңызды екенін айтты. Қауіп тобындағы адамдар - созылмалы панкреатит, қант диабеті, семіздік диагнозы қойылғандар, ішімдік ішетіндер, т.б.

"Ұйқы безі қатерлі ісігін анықтауға арналған әмбебап тест жоқ, себебі диагноз күрделі. Тексеріс дәрігермен кеңесуден басталады. Содан кейін қан анализі тағайындалуы мүмкін", - деді маман.

Дәрігер қандағы қант деңгейін үнемі бақылауды, жаман әдеттерден бас тартуды және жиі тексерістен өтуді ұсынды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз