Жыл сайын қаңтар айында атап өтілетін шоқындыру мерекесі жайлы білесіз бе? Аязды күні суық суға шомылу нені білдіреді? Бұл денсаулық үшін қаншалықты маңызды және қандай пайдасы бар? Massaget.kz тілшісі ҚР ДСМ "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетовамен сұхбаттасып, осы сауалдардың жауабын алды.
Шоқындыру мерекесі (Крещение Господне) - христиандықтардың маңызды діни мерекелерінің бірі. Ол Иса Мәсіхтің Иордан өзенінде шоқындырылған күнін еске алу үшін атап өтіледі. Бұл күн әр жылдың 19 қаңтарында (православие дәстүрі бойынша) және 6 қаңтарда (католиктер мен протестанттар үшін) тойланады.
Бұл күні әлемнің көптеген елдерінде христиандар дәстүрлі түрде шіркеулерге барып, қасиетті суға шомылады. Православ христиандары арасында "крещенские купания" - яғни мұздай суға шомылу дәстүрі кең таралған. Олардың сенімі бойынша бұл күні барлық су қасиетті болып, тазарту күшіне ие болады. Қазақстанда бұл мерекені православ христиандары атап өтеді. Елдің әр өңірінде арнайы мұз ойықтары жасалып, адамдар суға түседі. Сонымен қатар шіркеулерде діни рәсімдер өткізіледі.
Айжан Есмағамбетова
ҚР ДСМ "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова бұл дәстүрдің адам денсаулығына әртүрлі әсер ететінін жеткізді. Маман адам ағзасының суық суға қандай реакция беретінін жіліктеп түсіндіріп берді.
"Суық суға шомылу қан тамырларының күрт жиырылуын тудырады және симпатикалық жүйке жүйесін белсенді қалыпқа түсіреді. Бұл адреналин мен эндорфиндердің бөлінуіне ықпал етеді. Десе де суық су - қан айналымын жақсартады және дененің жалпы тонусын күшейтіп, көңіл күйге де әсер етеді. Алайда бұрын салқын суға түсіп көрмеген, мұндай температураға дайын емес ағза үшін қауіп төнуі де мүмкін: қан қысымының жоғарылауы, жүрек жұмысының бұзылуы және гипотермия тууы мүмкін", - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ ол балалар мен егде жастағы адамдарға аса сақ болу керектігін айтты.
"Балалар мен қарт адамдар сақ болуы керек. Балаларда терморегуляция жүйесі ересектермен салыстырғанда толық жетілмегендіктен, гипотермия қаупін арттырады. Егде жастағы адамдарда қан тамырларының серпімділігінің төмендеуі және созылмалы аурулар күрт салқындатудың әсерін күшейтуі мүмкін. Денсаулық жағдайын ескеру, суда ұзақ уақыт болудан аулақ болу және шыққаннан кейін бірден жылыну маңызды", - деп жауап берді ол.
Айжан Серікбайқызы шоқындыру мерекесінде белгілі бір диагнозы бар адамдар сақ болғаны жөн деп кеңес берді.
"Суық суға гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, аритмия сияқты жүрек-қан тамырлары аурулары бар, сондай-ақ инфаркт немесе инсульт алған адамдарға шомылуға болмайды. Нөлден төмен температурадағы су қан тамырларының спазмын тудырады, бұл қан айналымының нашарлауына және инфаркт сияқты өткір жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ тыныс алу жүйесі (демікпе, созылмалы бронхит), бүйрек аурулары, терморегуляция бұзылыстары және қант диабеті сияқты эндокриндік патологиялары бар адамдарға мұзды суға түсу ұсынылмайды. Шомылуға қатыспас бұрын дәрігермен кеңескен абзал", - деді маман.
Айжан Есмағамбетова алғаш рет суық суға түскісі келетін жандарға, қорқып жүрген жандарға бірнеше кеңес айтты.
Еске салайық, бұған дейін православтардың шоқындыру рәсімі күні Алматыда қандай орындарда суға түсуге болатынын жазған едік.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!