• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Шетелге қалай тиімді бағамен ұшуға болады? Сарапшы лайфхактарын бөлісті

Шетелге қалай тиімді бағамен ұшуға болады? Сарапшы лайфхактарын бөлісті
Фото: depositphotos.com

Бүгінде шетелге шығу айтарлықтай қомақты қаржыны талап етпейді. Билет алуға берілетін жеңілдіктер мен түрлі турлар саяхаттауға жағдай жасап отыр. Тек мұндай мүмкіндікті бақылап, жіберіп алмау қажет. Шетелге қалай тиімді бағамен ұшуға болады? Massaget.kz тілшісі сарапшы Аңсат Сағынбайдан лайфхактар сұрады.

"Шетелге арзан бағада саяхаттау үшін ең алдымен таңдалған елге сапарды 2-3 ай бұрын жоспарлау қажет. Яғни әуе билеттерін, жататын қонақүйді алдын ала таңдап, брондап қоятын болсаңыз, саяхат әлдеқайда арзанға түседі. Шетелде арнайы турсыз, өзіңіз саяхаттаған кезде жататын орынды белгілі бір сайттар арқылы брондасаңыз, жеңілдікпен немесе әлдеқайда арзан аласыз", - деді Аңсат Сағынбай.

Сарапшы шетелге тиімді бағамен ұшу кезінде пайдалану керек 9 лайфхакты ұсынды:

Ұшақ билетін алдын ала брондау

  • Ең арзан билеттер рейс күніне 2-3 ай қалғанда сатылады;
  • Маусымдық сұранысты ескеріңіз: жазда, Жаңа жыл қарсаңында және мерекелерде билеттер қымбат болады.

Ұшу күндері мен уақытын жоспарлау

  • Ең арзан билеттер аптаның ортасында (сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі) болады;
  • Таңертең ерте немесе түнде ұшатын рейстер көбіне арзан.

Тікелей рейстерден гөрі транзиттік рейстерді қарастыру

  • Трансферлі рейстер (бір жерде ауысу арқылы) кейде тікелей рейстерге қарағанда арзанырақ;
  • Қос қала әдісі: көрші қалалардан ұшу көбіне арзанырақ болады. Мысалы Алматы → Баку → Париж маршруты Алматы → Париж тікелей рейсіне қарағанда арзан.

Билеттерді арнайы іздеу жүйелерінен қарау

  • Skyscanner, Aviasales, Google Flights, Momondo  секілді платформалар әуекомпаниялардың бағаларын салыстыруға көмектеседі;
  • "Құпия" режимде іздеңіз - кейбір сайттар сіздің іздеу тарихыңызды сақтап, бағаларды қымбаттатып көрсетуі мүмкін.

Жол жүк туралы ойлаңыз

  • Лоукостерлер (арзан әуе компаниялары) билетті арзан ұсынады, бірақ багажға қосымша ақша алады. Егер тек бір сөмкемен ұшсаңыз, 20-30 пайызға дейін үнемдей аласыз;
  • Қол жүгін ғана алып, жолжүкке артық төлем жасамау тиімді.

Бонустар мен жеңілдіктерді пайдалану

  • Әуе компанияларының мильдік бағдарламаларына қосылып, бонустар жинауға болады;
  • Кейбір банк карталары әуебилеттерге кешбэк береді немесе арнайы ұсыныстар жасайды.

Әуежайларды салыстырыңыз

  • Үлкен қалаларда бірнеше әуежай болуы мүмкін, ал кейбіреулері арзан рейстерді ұсынады. Мысалы Стамбулда жаңа әуежайдан гөрі Сабиха Гөкчен әуежайына ұшу арзанға түседі.

Жасырын қалалар әдісі (Hidden city ticketing)

  • Кейде А пунктінен В пунктіне ұшу қымбат, ал А → С (В арқылы) маршруты арзан болуы мүмкін. Осылайша сіз В пунктінде қалып қоясыз. Бірақ бұл әдіс жолжүк тапсырғанда тиімсіз болуы мүмкін, өйткені жолжүк соңғы нүктеге дейін барады.

Арнайы акциялар мен жеңілдіктерді бақылау

  • Әуе компаниялары Black Friday, Travel Tuesday және басқа да акциялар кезінде үлкен жеңілдіктер жасайды;
  • Әуекомпаниялардың ресми сайттарына жазылыңыз, сонда акциялар туралы бірінші болып білесіз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә
Logotype Massaget