Қазақстанда жаңа iPhone 18 иелері смартфонын тіркеу кезінде қиындықтарға тап болды. IMEI верификацияға жауапты компания өкілдері мұның себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Азаматтардың шағымы әлеуметтік желіде пайда болды. Жаңа iPhone 18-ді Қазақстаннан тыс жерден сатып алғандардың бірі елге оралған соң міндетті IMEI верификациядан өтпек болған, алайда оны істей алмаған.
"Шетелден сатып алсаң, iPhone 18 Қазақстанда жарамсыз болып қалады екен. Екі аптадан аса уақыт бойы верификация жасай алмай жүрмін. Сайт мұндай мүмкіндік бермей тұр. Қоңырау шалдым, жаздым, қашан жасалатынын өздері де білмейді. Не істеу керек?" - деді ол.
Міндетті IMEI верификация - телефон ресми түрде әкелінгенін және оператор желісінде қолданылатынын растау үшін мобильді құрылғының бірегей сәйкестендіру нөмірін (IMEI) тексеру.
Сайтта iPhone 18 смартфондарын верификациялау уақытша қолжетімсіз деген ақпарат шығады:
"Шетелден сатып алдым. Шекарадан өткенім туралы барлық дерек бар. Бірақ өтініш бере алмаймын, өйткені қолжетімсіз. Қайдан сатып алу өз құқығым ғой", "Миллионға телефон сатып аламыз да, қарапайым қолдана алмаймыз", - деді желі қолданушылары.
Қазір kz-imei.kz сайтында техникалық жұмыстарға байланысты iPhone 18-дің барлық үлгісін верификациялау уақытша қолжетімсіз екені көрсетілген.
Қазақстанда мобильді құрылғылардың IMEI верификациясымен айналысатын ATS Mediafon KZ мекемесі өкілдері жағдайға пікір білдірді. Компания iPhone 18 верификациясы уақытша шектелгенін растады. Бұл жүйені техникалық баптау жұмыстарына байланысты болып отыр.
Себебі жеке тұлғалар өтініш берген кезде күмәнді жағдайлар анықталған. Мамандардың сөзінше, қауіпсіздік мониторингі кезінде үшінші тұлғалардың азаматтардың жеке дерегі мен ЭЦҚ-сын олардың келісімінсіз пайдаланғаны тіркелген.
Компания жеке тұлғалардан өтініш жаппай түсуіне байланысты құрылғыларды заңсыз верификациялаудан қорғау және тексеру тетіктерін күшейту қажеттілігі туындағанын мәлімдеді. Қазір осындай жайттарды анықтау, алдын алу, сондай-ақ, азаматтардың жеке дерегін қорғау үшін жүйені баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Техникалық жұмыстар қашан аяқталатыны әзірге нақты айтылмады. ATS Mediafon KZ бұл туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін iPhone 18 желісіндегі барлық құрылғыны верификациялау қайта жандануға тиіс.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова