Кейде шай демдерде шәйнектің ішінен қақтың пайда болғанын байқауға болады. Оның пайда болуына құбыр суы жиі себепші болады. Қалың қақ қабаты құрылғыны бұзады. Оның үстіне қақ ағзаға түссе, зияны тиюі мүмкін. Сондықтан құрылғы ұзақ қызмет ету үшін және ағзаңыз таза болу үшін шәйнектің ішін уақытылы тазартып тұру керек.
Қақтан арылу үшін арнайы дайын құралдарды және халықтық әдістерді қолдануға болады. Шәйнегіңіздегі қақтан арылу үшін мына әдістерді байқап көріңіз:
Эмальданған шәйнектегі қақты сірке суымен кетіру
Қақтан сірке суы арқылы арылу – жылдам әрі сенімді әдіс. Бұл әдіс электрлік шәйнекке келмейді. Эмальданған шәйнекті тазарту үшін 1 л суға 100 мл сірке суын құйып, шәйнекті аз отқа қойыңыз. Оны шамамен 15 минуттай қайнатыңыз. Содан соң шәйнекті сумен шайып аласыз.
Эмальданған және электрлік шәйнектегі қақты лимон қышқылымен кетіру
Шәйнекке 1 литр су құйып, оған 2 шай қасық лимон қышқылын салыңыз. Суды 15 минут қайнатыңыз. Шәйнекті сумен жуып алыңыз. Лимон қышқылы кез келген азық-түлік сататын дүкенде болады. Оны шәйнекке қақ түзілуінің алдын алу үшін қолдануға да болады. Ол үшін аптасына бір рет шәйнекке су құйып, ішіне лимон қышқылын салып, бірнеше сағатқа қалдырыңыз. Содан соң жылы сумен шәйнекті шайып алыңыз.
Эмальданған және электрлік шәйнектегі қақты ас содасымен кетіру
Шәйнекке 1 литр су құйып, оған 1 ас қасық ас содасын салыңыз. Ол қайнағасын отты басып қойыңыз. Баяу отта оны тағы жарты сағаттай ұстаңыз. Шәйнектегі суды төгіп, оған таза су құйып, оны қайтадан отқа қойып, қайнатыңыз. Содан соң бұл суды да төгіп, ішін бір шайып алыңыз.
Шәйнектегі қақты жемістер мен көкөністердің қабықтарымен кетіру
Бұл шәйнекті жұмсақ әрі тиімді тазартудың бір әдісі. Ол үшін картоп және алма қабықтары керек. Картоп пен алма қабықтарын шәйнектің жартысына дейін салып, үстіне су құйыңыз. Шәйнекті 20 минут бойы қайнатыңыз. Содан соң қабықтарды сумен бірге 2-3 сағатқа толықтай суығанша қалдырыңыз. Соңынан шәйнекті сумен шайып алыңыз.
Сорпа тұзды болып кетсе не істеуге болады? Мына жерден оқыңыз.