Қарыз беру мен оны қайтаруға қатысты әдептерді білмегендіктен, кейде білсе де дұрыс амалға асырмағандықтан, адамдардың арасында реніш, өкпе, сенімсіздік, сыйластықтың бұзылуы сияқты келеңсіз жайттар орын алып жатады. Muftyat.kz-те ұсынылған мәліметтерге сүйене отырып, шариғат бойынша қарыз беру мен қайтару әдеттерін ұсынамыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазіргі күні әрбір адам қарызды беру және оны алудың әдебін жақсы біліп, оны іс жүзінде амалға асырудың маңызы үлкен. Дініміздегі қарыз алу мен оны берудің әдептері қандай?
1. Қарызды жазу
Қарыз – берсең сауап, алсаң аманат болып жазылатын дүние. Қарыз беруші мен оны алушы өзара қарыз арқылы алыс-беріс болғандығын қағазға түсіріп, жазғаны дұрыс.
Қарыз беруші қарыз алушыдан қайтарылатын уақытқа дейін кепілдікке қандайда бір затты талап ете алады. Белгіленген уақыт толғанда, қарыз алушы оны (яғни қаражатты) қайтарудан бас тартса, кепілдікке берілген зат сатылып, оның ақшасы қарыздың ақшасын жабуға жұмсалады. Егер сатылған заттан қарызды жабудан бөлек артық ақша қалып қойса, қарыз алушыға қайтарылады.
Қарыздың жазылмауы, куәгерлердің болмауы, кепілдік зат алынбауы күнә деп танылмайды. Өйткені қарызды бұлайша жазу міндет емес, мустахаб амалға жатады.
Бірақ, қарызды қағазға түсіру адамдардың ақыларының сақталуына, қарызы бар екендігін ұмытпауына, оған аманат деп қарап, өзінің борышты екендігін, белгілі мерзімде қайтаруы тиіс екендігін әркез есте ұстауға септігін тигізеді.
2. Қарыз алуды қатты қысылғанда ғана сұрау
Мұсылман адам алушы қол, беруші қолдан төмен екенін есте ұстайды. Сол себепті де аса мұқтаждық көрмесе, тапқаны күнкөрісіне жетсе, өзгелерден жәрдем сұрамағаны дұрыс. Бұл дегеніміз қарыз сұраушы адамның себептері салмақты, яғни мұқтаждығы орынды болуы керек.
Ал қарыз сұрауды әдетке айналдырып, әрдайым адамдардан қарыз сұрай беру, өзгелерге қол жаю дұрыс іс емес.
3. Қарызды уақытында қайтару
Қарыз алушы оны міндетті түрде өтеймін деген ниетте болуы керек. Уағдаласқан уақыт келген сәтте қарыз алушы мүмкіндігінше өз аяғымен барып, қарыз берген адамды тауып, алған аманатын қайтарып беруі керек. Қарызды уақытында қайтармай, берген адамды өзі іздеп келуіне мәжбүрлеу – адамгершілікке жатпайтын іс. Себебі, жағдайы бола тұра қарызды қайтармай әдейі созу, уәдеде тұрмағандық деп танылады.
Алған қарызын уақытылы қайтара алмайтын жағдайда, қарыз берушіні қарыз алушының өзі іздеп барып: "Мен мынадай күні алған қарызымды қайтарамын деп уәде бергенмін. Бірақ, қайтара алмай қалатын сияқтымын. Қарызды қайтаруыма мына уақытқа дейін тағы да шегерсеңіз" деп өтініш жасауы қажет. Бұл адамдар арасындағы өзара сенімділікті одан сайын арттыра түседі. Мұндағы басты мақсат – берушіні сабырға шақыру және алушының аманатқа деген жауапкершілігін күшейту. Жаңа келісім жасау берушіні де, алушыны да разы етеді.
Ал қарызды алуын алып алып, қайтаруға келгенде жауапкершіліктен қашу, қарыз алған адамның көзінен тасаланып қашып жүру, қоңырау шалса көтермеу, қарызды берген адам қайтаруын талап етсе, ренжу сияқты істер мұсылман адамға мүлде тән емес.
4. Қарызын өтей алмай қалған адамның қарызын кешіру
Алған қарызын өтейін десе де өтей алмай, шынайы қиналған адамның қарызын кешірудің сауабы мол.
Оқи отырыңыз: Өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарыла ма?