- Негізгі бет
- LifeStyle
- Іш қатудан қалай...
Іш қатудан қалай арылуға болады?
Фото:
ru.freepik.com
Невролог Ұлжалғас Сманова өзінің инстаграм парақшасында іш қатудан арылудың 5 жолын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Дені сау адамның күні таңертең үлкен дәретке барумен басталады. Тіпті, дұрыс тамақтанып, су тепе-теңдігін ұстап жүрсе, күніне кем дегенде 1-2 рет еркін отыруы тиіс. Арасына күн тастасаңыз - бұл іш қату. Ас қорыту жүйесі бұзылса, іш қатады", - дейді дәрігер.
Іш қатудың себептері:
- Дұрыс тамақтанбау: жасұнықтың жетіспеуі, күні бойы аш жүру, бор жеу, су аз ішу немесе мүлдем ішпеу, кофені көп ішу;
- Бауыр, өт қызметінің бұзылуы;
- Қимыл-қозғалыстың аздығы;
- Тоқ ішек аурулары (геморрой және т.б);
- Зат алмасу процесінің дұрыс жүрмеуі;
- Темір, кальций, алюминийі бар препараттар ішу.
Дәрігер Ұлжалғас Сманова іш қатудан арылу үшін мына нәрселерді жасау керегін айтты:
- Күнделікті ас мәзіріне жасұнық, көмірсу, ақуыз, пайдалы майлар қосыңыз. Мәзірде міндетті түрде салат, көкөніс (асқабақ, қызылша), смузи болуы керек.
- Өттің жүруіне жағдай жасаңыз. Минералды судың газын шығарып, 200 мл ысытып, тамақтан 30 минут бұрын ішіңіз. Ол салқын болмауы керек және оны асықпай ішу керек.
- Ұн өнімдерінен, әсіресе, глютеннен бас тартыңыз. Жаңа піскен нан, тәттілер, қара шай мен кофені азайтыңыз.
- Қимыл-қозғалысты көбейтіңіз. Күніне кем дегенде 4 мың қадам жүріңіз. Арнайы дене жаттығуларын жасаңыз. Ең болмағанда ішіңізді сағат тілімен уқалап тұрыңыз.
- Өзіңізді күйзелістен қорғаңыз. Күйзеліс - ас қорыту жүйесінің қызметін бұзады. Ол сондай-ақ ерте қартаюдың бір себебі.
Оқи отырыңыз: Неліктен дәретханаға смартфонмен кіруге болмайды?
А. Жапатова