Осыдан бір апта бұрын өмірден өткен блогер Сәуле Базарханның жақындары әлеуметтік желіде бұл жайтқа не себеп болғанын айтып, жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сәуле Базарханның (Ермаханованың) қызы Threads желісінде жазба жариялап, анасының өліміне не себеп болғанын түсіндірді.
"2026 жылы 15 мамырда анамыз Алматыдағы жеке емханалардың бірінде көз жұмды. Анестезиямен бір-бір жарым сағатқа (дәрігерлердің айтуынша) жоспарланған липосакция отбасымыз үшін үлкен қасіретке айналды. Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш. Сұрақтарымызға жауап берілмеді. Үнсіз қалды. Анамыз бақилық болғанын қасына бірге барған туысымызға кешкі сағат 18:00 шамасында ғана хабарлаған", - деп жазды қызы.
Сондай-ақ, ол жедел жәрдем тек 19:00-де келгенін айтты.
"Үш сағат. Ол жабық есіктің артында үш сағат бойы жалғыз болды. Дәрігерлер неге бірден хабарламады? Олардың осынша уақыт не істегенін білгіміз келеді. Анамызды аман алып қалуға әрекет жасалды ма? Жедел жәрдем неге бірден шақырылмады?" - деп жазылған жазбада.
Бұдан бөлек, жазба авторы анасы көз жұмған емхана әлі де жұмысын жалғастырып, жаңа клиенттерді қабылдауға жазып жатқанын мәлімдеді.
"Көпшілік анамды танитын, оның миллиондаған аудиториясы бар, әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізетін. Бірақ біз үшін ол ана және әже еді. Жасы 53-те еді. Жоспары өте көп болатын. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Шындық пен әділдік үшін соңына дейін күресеміз", - деп жазды қызы.
Алматы Полиция департаменті мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.
"Соталды тергеу жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады", - деді полиция.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал блогер кенет көз жұмғаны, желіде қайғылы оқиғаның себебі қызу талқыланып жатқаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!