Бір кездері әлемнің сән подиумдарында жүріп, әйгілі брендтердің киімін көпшілікке таныстырған Шыңғыс Таңатпаев бүгінде әскери форма киіп, Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мансабын 17 жасында бастаған
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәліметінше, Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модель ретіндегі мансабын 17 жасында бастаған.

Бойы мен келісті келбеті оны сән индустриясына жетелеп, халықаралық подиумдарға шығарған.

Ол Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің, Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің киімдерін көрсетіп, әлемнің түрлі елін шарлаған.

"Ал бүгінде подиумдағы нық қадам саптағы әскери жүріске ауысқан. Бір қарағанда, модель ретінде өнер көрсету мен әскери қызметтің арасы жер мен көктей көрінуі мүмкін. Алайда екеуіне де ортақ дүние бар. Ол - тәртіп пен жинақылық. Подиумда өзін еркін әрі сенімді ұстай білу қажет болса, әскери қызметте әр қимылға жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы дәл орындау маңызды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір Қарағандыда борышын өтеп жүр
Сарбаз қазір Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосып жүр. Ол күн сайын әскери міндетін абыроймен атқарып, бұқаралық іс-шаралар кезінде және адам көп шоғырланған орындарда қоғамдық тәртіп сақталуын қадағалайды.

Қызмет барысында тұрғындармен тікелей байланысып, түрлі жағдайда көмектесуге атсалысады. Ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, оларды жақындарына табыстауға, сондай-ақ, тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын қайтаруға көмектескен кездері де бар.
Суреттер: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан аса ұландық күн сайын елдің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова