Самокаттың қаупі неде? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады

Самокаттың қаупі неде? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады
Фото: depositphotos.com

Электрсамокатпен жүргенде ауыр жарақат алу мотоцикл мен велосипедке қарағанда жиірек болуы мүмкін. Англия мен Уэльстегі жарақат алған адамдардың деректерін зерттеген ұлыбританиялық ғалымдар осындай тұжырымға келген. Зерттеу нәтижелері Scientific Reports ғылыми журналында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғалымдар 2020–2022 жылдар аралығындағы ауыр жарақаттар туралы мәліметтерді қарап шыққан. Зерттеуге барлығы 15 247 адам енген. Оның 580-і электрсамокат, 7 027-сі мотоцикл, 7 640-ы велосипед мінген. Сонымен қатар, мамандар электрсамокат жалға беру қызметінің 33 миллионнан аса сапар туралы дерегін зерттеген. Бұл сапарлардың жалпы ұзындығы 77,8 миллион шақырымнан асқан.

Зерттеу мәліметінше, электрсамокат мінген ересектер бас-ми жарақатын мотоциклшілерге қарағанда 3,45 есе, велосипедшілерге қарағанда 1,74 есе жиі алған. Қарапайым тілмен айтқанда, самокатпен жарақат алған әр 100 адамның шамамен 36-сында бас-ми жарақаты болған.

Басқа бас жарақаттары да самокат мінгендер арасында мотоциклшілерге қарағанда екі еседен астам жиі кездескен. Ішкі ағзалардың жарақаты шамамен 46 пайызға жиірек тіркелген, ал қан тамырларының зақымдануы үш еседен астам көп болған. Ал сүйек сынуы, керісінше, мотоциклшілерге қарағанда сирек кездескен.

Ғалымдар шлем тағу мәселесіне де назар аударған. Жарақат алған самокат мінушілердің небәрі 5,9 пайызы ғана шлем киген. Мотоциклшілер арасында бұл көрсеткіш 75,7 пайыз, велосипедшілер арасында 45 пайыз болған. Ал жалға алынатын самокаттарды пайдаланушылардың ішінде шлем тағатындар бір пайызға да жетпеген.

Зерттеушілер мұны тек шлем тақпауымен емес, самокаттың құрылымымен де байланыстырады. Адам самокатта тік тұрып жүреді. Кенет тежесе немесе бір нәрсеге соғылса, рөлден асып, басымен алға құлап кетуі мүмкін. Оның үстіне самокаттың кішкентай дөңгелектері шұңқыр, бордюр, рельс сияқты кедергілерден оңай сүрінеді.

Ішкі ағзалардың жарақаты да көбіне осыдан болады. Самокат күрт тоқтағанда адам ішімен рөлге соғылуы мүмкін. Мұндай жарақатқа балалар әсіресе бейім екені анықталған.

Алайда ғалымдар бұл деректер самокатпен апатқа ұшырау ықтималдығы мотоциклге қарағанда 3,45 есе жоғары дегенді білдірмейтінін ескертті.

Зерттеу тек ауыр жарақат алып, арнайы тізілімге енген адамдардың жарақат түрлерін салыстырған. Ал мотоцикл мен велосипедпен қанша сапар жасалғаны, қанша шақырым жүргені туралы толық дерек болмаған. Сондықтан олардың жалпы апат қаупін тікелей салыстыруға болмайды.

Ғалымдардың пікірінше, электрсамокат мінгендер шлемді жиі тағуы керек. Сондай-ақ, жылдамдықты шектеу, қауіпсіз жолдар жасау және самокаттардың құрылысын жетілдіру қажет.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget