Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жасар Шерзаттың өлімі адамдарды бей-жай қалдырмады. Қазақ эстрадасының өкілдері бұл оқиға туралы қандай пікірде, кім не жазды? Massaget.kz жинақтады.
Қоғамда орын алған оқиғаларға бірден пікір білдіріп отыратын белсенді әншілердің бірі – Сәкен Майғазиев. "МузАРТ" тобының әншісі бұл жолы да шет қалмады.
Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай жазба жариялады: "Құдайдан қорықпағаннан қорық. Жығылғанға жұдырық. Қыршын кеткен Шерзаттың өлімі мен бүгін түнде орын алған өрт оқиғасы, кешегі Жітіқарадағы бес бірдей баланың өртке оранып, бақилық болғаны баршамыздың қабырғамызға қатты батып жатыр. Бүгін түнде болған өрт неден шыққанын құзырлы органдар анықтай жатар. Егер шындығында қасақана қастандықпен қолдан қойылған от болса, нағыз надандық, мейірімсіздік, имансыздық осы шығар. Онсыз да қара жамылып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп от қою қандай қатыгездің қарекеті екен?! Жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе. Адамның жасаған әрбір амалы өзіне айналып келетінін (бумеранг) білмеу – қандай қараңғылық.
Тынышы кеткен Талғардағы оқиғаға байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Бас прокуратураның басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылғанын, кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатынын хабарлады. Әділ шешім шығатынына сенім артамыз. Шерзаттың және бес баланың жаны жәннатта болсын".
Оның оқырмандары да белсенді. Кейбірі әншінің пікірін қолдап, көлемді мәтін жазып жатса, енді бірі ойын өлеңмен білдіріп жатыр.
Танымал әнші Ақбота Керімбекова да оқиғаға қатысты ойын жазыпты.
"Алладан қорықпаған заман келді-ау. Бұл өмірдің әділдігінен қашқанмен, о дүниенің сұрауына қалай жауап береміз деген ойдың жоқтығыма сонда?… Не болып бара жатырмыз, қорқынышпен өмір сүру елімізге сын емес па?.. Жаның жәннатта болғай, Шерзат балам! Шырылдаған қазағымның жаны қашан тынышталар екен… Аллам өзің жар бол, Еліме! Ұрпағымызға бақытты ғұмыр сыйлайық", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ақбота Керімбекованың жазбасына пікір қалдырғандардың көбі әйел адамдар екенін байқауға болады. Олар жазбаның астына көбінесе дұға, тілек жазып қалдырған.
Жас әнші, композитор Диана Исмайылдың жазбасына қарап, елдегі оқиға оның да көңіл күйіне әсер еткенін байқауға болады.
"Жаным ауырып барады. Іштен тынып, ашуым келіп отыр. Аллаһ сабыр берсін! Қайғырып, көңіл айтамын...", – деп жазды ол желіде.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!