“Сахнада 40 жыл жүру керек пе?“ Қайрат Нұртастың әкесі ұлы “Халық әртісі“ атағына лайық екенін айтты

Танымал әнші Қайрат Нұрастың әкесі Нұртас Айдарбеков ұлы мемлекеттік қызметке баруы екіталай екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол TalkLike YouTube арнасына берген сұхбатында әңгімеледі. Өнер иесінің әкесі алдымен "ұлына "Халық әртісі" атағы берілуі керек пе, әлде ерте ме?" деген сауалға жауап берген.

"Отбасымызбен ата-бабадан алған тәрбиеміз: не болса да Құдай береді, кейін өзіңнің еңбегіңе қарай бір күні Үкімет береді. Бізді солай тәрбиелейтін. Сол қағиданы ұстап қалдық. Гүлзира екеуміз біреуге барып, "менің балама мынадай бер" деп айтқан емеспіз. Бірақ компьютерді ашып қарасаң, Қайрат Нұртастың Қазақстанның ішінде өнерге келгелі қойған концерті 500-ден асып кетті. Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолияны айтпай-ақ қояйын. Оның бәрін жылда бір айналады. Соған қарайтын болсаң, оған берілетін уақыт келді. ...Халық әртісін алу үшін сахнада міндетті түрде 40 жыл жүру керек пе?! Еңбегіне қарай беруі керек шығар деп ойлаймын. Мүмкін, Үкіметке оның әні ұнамайтын шығар?! Мен қайдан білемін. Сондықтан бұл сұраққа жауап бере алмаймын, ешкімнің алдына бармаймын. ...Бірақ атақ бермеді деп Үкіметке де, ешкімге де өкпелеген емеспін. Халық беріп қойған. Алла өмір берсін. Болды ғой", - деді ол.

Сонымен қатар, Нұртас Айдарбеков "Қайратты болашақта шенеунік ретінде елестетуге бола ма?" деген сұраққа да жауап берді. Оның сөзінше, әнші бір кабинетте отырып жұмыс істейтін адам емес. Әншінің әкесі оның мұндай қызметте қазіргі тауып жүрген табысын таба алмайтынын айтты. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз