Рамазан 2025: Ораза кезінде тырнақ бояп, кірпік жабыстыруға бола ма?

Рамазан айы қарсаңында оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Almaty.tv-ға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жасанды кірпік, тырнақпен ораза ұстауға бола ма?

"Ораза кезінде шашын бояту, тырнақтарын жөндеу сияқты амалдар оразаға кедергі емес. Тек бояну барысында әртүрлі себеппен мұрыннан, тамақтан ішке бірнәрсе кетіп қалмауына мұқият болуы керек", - деп жауап берді имам.

Аузы берік адамға әйелін сүюге, құшақтауға бола ма?

"Айша анамыз (Алла оған разы болсын) "Оразада Пайғамбар жарларын құшақтап, сүйетін еді, алайда басқаларға қарағанда ол өз-өзіне ие болатын" деген. Бұл жерде ескеретін жағдай әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, сүюіне рұқсат. Сенімді болмаса, сақтанған жөн. Өйткені бұл әрекеттің соңы ораза бұзылуына апаруы мүмкін. Ал баланы иіскеп сүюдің еш сөкеттігі жоқ", - деп жауап берді имам.

Сәресіге ұйықтап қалған адам не істейді?

"Сәресіне ұйықтап қалған адам ұйқысынан тұрғанда нәр тартпастан, ниет етіп оразасын жалғастырады. Бастысы таңертең ешнәрсе ішіп-жемеуі және түске дейін ниет етіп үлгеруге тиіс", - деді имам.

Ораза - 2025 қашан басталды?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе биыл Рамазан айы басталатын күнді бекітті.

Ортақ пәтуаға сәйкес қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталды.

Рамазан 2025: Қадір түні қашан?

ҚМДБ мәліметінше, 27 наурызға қараған түн - қасиетті Қадір түні. 30 наурыз - Ораза айт мерекесі.

Пітір садақа мөлшері қанша?

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!