GTA VI ойынындағы әйел кейіпкерлерден сүйіктісін қызғанатын қыздар алдымен өзіне деген сенімділігін арттыруы керек. Клиникалық және отбасылық психолог, Тәжірибелі психологтар қауымдастығының құрылтайшысы Инна Мирная мұндай кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Лента.ру" басылымына сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, компьютер ойынындағы кейіпкерді шынайы өмірдегі қарсылас ретінде қабылдау адамның өзіне сенімсіздігін білдіруі мүмкін.
"Ер адам он жылдан aca күткен сүйікті ойынын енді ғана ойнай бастады делік. Ал сүйіктісі оны ойындағы қыздардан қызғанып, реніш білдіреді. Экрандағы кейіпкердің өзін қарсылас көретіндей адам өзіне қаншалық сенімсіз болуы керек? Егер әйел ойдан шығарылған кейіпкерді қарым-қатынасына қауіп деп санаса, алдымен өзіне деген сенімділігін арттырғаны дұрыс", – деді психолог.
Инна Мирнаяның сөзінше, GTA ойынындағы биші қыздан жігітін қызғану ересектерге арналған видео көргені үшін жанжал шығарумен бірдей.
Өйткені бүгін қызғанышқа ойындағы кейіпкер себеп болса, ертең кинодағы актриса немесе әлеуметтік желідегі әдемі қыз себеп болуы мүмкін.
Маманның пікірінше, өзін үнемі өзге әйелдермен, тіпті компьютердегі кейіпкерлермен салыстыра беру адамның өзін қаншалық бағалайтыны сүйіктісінің көңіл бөлуіне тәуелді екенін көрсетуі мүмкін.
"Ер адам қарым-қатынаста жүр екен деп басқа әйелдердің сұлулығын байқамауы керек деген сөз емес. Өзіне сенімді әйел өз қадірін біледі. Оған бәрінен, тіпті компьютердегі кейіпкерлерден де сұлу екенін үнемі дәлелдеп отырудың қажеті жоқ", – деді маман.
Дегенмен психолог ойынға қызығу мен сүйіктісіне көңіл бөлмеуді шатастырмауға шақырды. Егер ер адам айлар бойы бар уақытын ойынға арнап, сүйіктісімен бірге уақыт өткізуден бас тартса, бұл – назар аударуды қажет ететін бөлек мәселе. Мұндай жағдайда екеуінің ашық сөйлескені дұрыс.
"Өзіңізге бір сұрақ қойып көріңіз:сіз шынымен ойындағы қыздардан қызғанасыз ба, әлде сүйіктіңіздің назары біраз уақыт сізге емес, басқа нәрсеге ауғанына ренжисіз бе? Егер оның ойынға қызығуы сізді қатты мазаласа, жігітіңізге тыйым салғанша, алдымен өз сезіміңіздің себебін түсінуге тырысыңыз", – деді Мирная.
Маман кейбір қыздардың сүйіктісімен бірге компьютер ойынын ойнағанды ұнататынын да атап өтті. Оның айтуынша, ортақ қызығушылық пен бір-бірінің әуестігін сыйлау қарым-қатынасты нығайтады.
"Бәлкім, GTA ойынынан қызғанғанша, сүйіктіңізбен бірге ойнап көрген дұрыс шығар", – деп түйіндеді психолог.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz