- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Психикалық бұзылыстар". Көктемде...
"Психикалық бұзылыстар". Көктемде қозатын 5 ауру
Арамызда мықты денсаулығын сақтап қалған адамдар бар. Бірақ көпшілік адамды қандай да бір ауру мазалайды. Кейде өз-өзімен пайда болып, кейін қайта жоғалатын да ағза проблемалары кездеседі. Олардың ішінде көктемнің келуімен асқынатын ауру түрлері бар.
Неліктен кей аурулар көктемнің келуімен асқынады?
Біріншіден, ағзаға дәрумендердің жетіспеушілігі әсер етеді. Себебі қыста көпшілік біртекті тамақтанып кетеді және бұл кезде маусымдық көкөністер аз.
Екіншіден, әлсіз иммунитет. Қыста жиі тұмаурату және дәрумендердің жетіспеушілігі иммунитеттің түсіп кетуіне әкеледі.
Үшіншіден, температуралардың және атмосфералық қысымның қайта-қайта өзгеруі ағзада күйзеліс тудырады. Бұл денсаулыққа әсер етеді.
Қыста көпшілік адам аз қозғалады және көп тамақ жейді. Соның салдарынан, артық салмақ пайда болады, көңіл күй мен денсаулық нашарлайды.
Көктемде қандай аурулар асқынады?
1. Тұмау
Көктемнің келуімен күн жылынады. Бір қарағанда, көктемде қысқа қарағанда тұмау аз кездесуі керек. Бірақ олай емес. Оның себебі - әлсіз иммунитет және ауа райына сай киінбеу. Күн жылына бастағанда сырт киім мен бас киімдерді жылдам шешіп тастағымыз келеді. Оған қоса, жылыны вирустар да жақсы көреді: олар қыста аязда өліп қалса, көктемгі ауа олар үшін қолайлы.
Көктемгі ауа райы алдамшы екенін ұмытпаңыз. Сондықтан ауа райына сай киініңіз және иммунитетті қатайтуды қолға алыңыз.
2. Психикалық бұзылыстар
Көктемде психикалық аурулардың асқынатыны жайлы қалжың көп. Бірақ бұл мерзімде сау адамдардың өзіне оңай емес: кей адамдарда депрессия пайда болады немесе өз-өзіне ұнамай бастайды. Оның себебі күннің ұзаруына байланысты биоырғақ бұзылады.
Көп қозғалыңыз, таза ауада көбірек жүріңіз, тамақтану мен ұйқы режимін реттеңіз, салауатты өмір салтын ұстануға тырысыңыз.
3. Асқазан-ішек жолы аурулары
Гастрит, энтерит, асқазан жарасы және басқа да асқазан-ішек жолы аурулары көктемде асқынады. Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін: әлсіз иммунитет, дәрумендердің жетіспеушілігі, қышқылдылықтың өзгеруі, психикалық аурулардың асқынуы, күйзелістер.
Дұрыс тамақтаныңыз және ұйықтар алдында тойып алмаңыз.
4. Тері аурулары
Көктемде көпшілік адамның терісінің жағдайы нашарлайды. Оны әлсіз иммунмитет, асқазан-ішек жолы проблемасы және күйзеліс ушықтырып жібереді.
Көктемгі тері күтіміне көшіңіз және дәрумендер ішіңіз.
5. Аллергиялық аурулар
Әлсіз иммунды жүйе, гормонды бұзылыстар және өсімдіктердің белсенді гүлденуі аллергияның асқынуына әкеледі. Бір қызығы, көктемде сізді бұрын мазаламаған, яғни, жаңа нәрсеге аллергия пайда болуы да әбден мүмкін.
Егер бұрыннан өсімдік тозаңына аллергияңыз бар болса, дәрігердің кеңесімен антигистаминді дәрілерді алдын ала ішіп бастаңыз. Далаға күннен қорғайтын көзілідірк киіп шығыңыз және күніне аузыңызды, мұрныңызды жиі шайып тұрыңыз.
А. Жапатова