Төреғали Төреәлі әлеуметтік желіде даулы оқиғадан кейін алғаш жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ер жігіттің жарамас жылағаны,
Ештеңе етпес сүрініп, құлағаны.
"Орнында бар оңалар", бәрін қойшы
Праваны айтсайшы, пыраваны!" - деп жазды ол.
Желі қолданушылары әншінің жазбасына түрлі пікір жазған.
"Праваны қойшы, ата-ананың ауырған жүрегі мен абыройды айт. Балалар ес білгенде", "Ондай анда-санда боп тұрад, Төрешті бәрібір кешіргің кеп тұрад", "Ержігіттің басына не келіп, не кетпейді. Ең бастысы аман бол. Кәусардай алтының бар. Тоғжандай асылың бар. Толқындай жақұтың бар. Тілеулес қазағың бар", "Ақ төреш бауырым амансың ба? Хэйтірлерге онсыз да жамансыңда. Қандай жағдай болмасын уайымдама. Әрқашан қолдар қазақ бар қасыңда", - дейді олар.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видеосы мен суреттері тараған еді.
Алматының полиция департаменті мәліметінше, 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. есімді азаматтың Lexus автокөлігін тоқтатқан.
"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.
Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіден мас екені белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.
Полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады.
Ведомство мәліметінше, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 599-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 596-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 600-бабы 1-бөлігі және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 230-бабы 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылған.
Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Өндіріс материалдары шешім шығару үшін сотқа жіберілетіні хабарланды.
Кейін Қазнетте Төреғали Төреәлі Алматыда Land Cruiser айдап жүргені туралы хабар тарады.
Қамауда отырған Төреғали Төреәлі Алматыда көлік айдап жүргені рас па?
Алматының Полиция департаменті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Бұл - жалған ақпарат, яғни шындыққа жанаспайды. Әртіс Алматы полиция департаментінің әкімшілік-қамауға алынған тұлғаларға арналған арнайы қабылдау бөлмесінде әкімшілік қамауда өтеуді жалғастырып жатыр", - дейді тәртіп сақшылары.
Ал 18 шілдеде әнші бостандыққа шықты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз