"Полиция жұмыс істеп жатыр". Журналист бельгиялықтар асырап алған балаға қатысты жаңа дерек айтты

"Полиция жұмыс істеп жатыр". Журналист бельгиялықтар асырап алған балаға қатысты жаңа дерек айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желіде бельгиялықтар асырап алған Жәнібек Қазақстандағы туған ата-анасын іздейтіні туралы ақпарат тараған еді. Баланың анасы әлі де іздестіріліп жатыр. Танымал тележүргізуші Қымбат Досжан Жәнібектің ісі қалай өрбіп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистің сөзінше, қазір полицейлер перзентхана қызметкерлерімен жұмыс істеп жатыр.

"Арқалық Полиция басқармасы перзентхана мен балалар үйі қызметкерлерімен жұмыс істеп жатыр", - деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін "Бармысың, бауырым?" хабарының редакциясы Қазақстанның Бельгиядағы елшілігіне хат жолдағаны белгілі болды.

"Қазақстан Республикасының Бельгиядағы елшісі Марғұлан Бақытұлы Баймұхан мырзадан жауап келді. Хат мазмұнында Жәнібек Жұмағұлов көмек сұрап, Бельгиядағы елшілікке жүгінбегені жазылған. Бұл мәлімет бұған дейін де бізге белгілі болатын. Өйткені, Жәнібектің айтуынша, бала 16 жасында асырап алған адамнан бөлек кетіп, кәмелеттік жасқа толғанда тіпті Испанияға кетіп қалған. Сондықтан анасын іздеп, Испаниядан келген болатын. Елшілік хатындағы екінші мәлімет: бала асырап алу орталығы өкілінің хабарлауынша, Жәнібектің асырап алынуы асырап алу агенттіктерінің қатысуынсыз, жеке, тікелей болды. Сондай-ақ, осы орталықтың өкілі бұл бала кәмелетке толғандықтан, қандай да бір есептерді, ақпаратты сұрауға немесе осыған байланысты қадамдар жасауға құқы жоқ дегендей жауап алдық", - деп жазды бұл туралы Қымбат Досжан.

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Кейін "Бармысың, бауырым?" бағдарламасы Жәнібекке анасын іздеуге көмектесті. Бірнеше әйел ДНҚ сынамасын тапсырды, алайда бірде-бір нәтиже оң шықпады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова