- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Періште "әумин" деген...
"Періште "әумин" деген екен". Халық әртісі атанған Димаш Құдайберген бала кездегі ерекше видеосын бөлісті
Әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасында жаңа атағы туралы жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші 1999 жылғы түсірілген архив видеосын бөлісті. Онда кештің жүргізушісі Димаш өнер көрсетіп болған соң "Құрметті ағайындар! 2030 жыл деп ойлаңыздар, сіздердің алдарыңызда Қазақстанның халық әртісі Айтбаев Дінмұхамед Қанатұлы өнер көрсетіп жатыр" дейді.
Осыдан кейін видео 2023 жылғы 24 қазанға ауысады. Онда әнші Ақордада "Қазақстанның халық әртісі" атағын алады.
Әншінің оқырмандары "Періште "әумин" деген екен", "Кішкентай кезіңде марапатталып қойған екенсің ғой", "Ее, сол кезде-ақ, "Халық әртісі" деп болашаққа бата беріп жіберген екен ғой үлкендер" деп пікір жазып жатыр.
Димаштың өзі бұл атақтың маңызы туралы Дінмұхамед Қонаевтың сөзін мысалға келтіре отырып түсіндірді.
"Ардақты Алаш жұрты! Барлық құттықтау-тілектеріңізге көп рақмет! Кезінде Қонаев Дінмұхаммед Ахметұлы: "Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан биік емеспін"-деп халқымызды қаншалықты құрметтейтінін көрсеткен еді. Мен де: "Ел-жұртымның ақ пейілінен, ыстық ықыласынан артық биік құрмет жоқ" дер едім. Өнерімнің өрлеуі елдің батасынан екенін терең ұғынамын. "Ерім" дейтін ел барда, "елім" дейтін ерлер туады. Қай мемлекетте, қай жерде жүрсем де елімнің абыройы биік болса екен деп тілеймін. Құрметті ағайын, мемлекетіміздің басты мерекесі - "Республика күні" мейрамымен баршаңызды құттықтаймын! Сонымен бірге жас болсам да бар ниетімен құрмет қылып, марапаттап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен алғыс айтқым келеді!".
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, бұған дейін әнші Димаш Құдайберген "Қазақстанның халық әртісі" атағын алатынын Президенттің өзінен естігенін айтқан еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан