Балалар психологы Ақгүл Амантайқызы әлеуметтік желіде шу болып жатқан жағдайға байланысты пікір білдіріп, ата-аналар білуі керек педофилия жайлы ақпаратпен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Танымал блогер Құлпынай Калменова желіде күйеуімен ажырасуына кішкентай қыздармен көңіл жарастырып, педофилизмге бой алдырғаны себеп болғанын жазды. Блогер бұрынғы күйеуі Қолғанаттың ұялы телефонынан кішкентай қыздармен сөйлескен хаттарын, бірге түскен фотоларын тауып, оны желіге жариялады.
видеодан скрин
Блогер 10-11 жастағы қыздардың аналарына сол күні ескерткенін айтты. Алайда кішкентай қыздардың аналары бұл жағдайға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын жеткізді. Ол таратқан видеода күйеуінің Whatsapp-та екі кішкентай қызды "Айшам" және "Тырысқағым" деп сақтап қойғанын байқауға болады. Сондай-ақ ол қыздарға "ғашық болып қалдым", "кешірші, жаным" деп жазған.
Психолог инстаграм-парақшасында әлеуметтік желіде шу болып жатқан жағдайға байланысты пікір білдірді.
"Педофилдер - тек баланы зорлаған немесе баламен жыныстық қатынасқа түскен адамдар емес. Олар ләззатты әртүрлі жолмен алады. Баланы ұстау, оны құшақтау, оған sms-хабарламалар жолдау, видеолар көрсету - бұның барлығы педофилия. Баламен дұрыс емес, интимдік бағытта қарым-қатынас жасаудың барлығы - педофилия. Біз оның баланы зорлағанын күтпеуіміз керек, ол осындай кішкентай нәрселерден басталады", - дейді Ақгүл Амантайқызы.
Маман педофилдерді сыртынан қарап тану қиын екенін ескертті.
"Педофилді ешқашан сыртынан қарап танымайсыз. Оның тек кейбір әрекеттері күмән тудырады. Педофилдер балажан болады. Олар көп баланың ішінен бір баланы таңдап алып, соған ерекше көңіл бөледі. Сонымен жиі ойнауға тырысады және сізге жиі көмегін ұсынады: "балаңды мен қарай аламын", "мен алып кетейін" және т.б. Педофилдер балаға бірден зорлық жасамайды. Олар баланы ұзақ уақыт бойы бақылайды, оның сеніміне кіреді. Содан соң ғана арамдық әрекеттерін жасайды. Балаға түрлі видеолар көрсету, өзінің мүшесін ұстату, көрсету барлығы педофилияға жатады", - дейді ол.
Балалар психологы Ақгүл Амантайқызы педофилдердің әрекет ету тәсілдерін ұсынды.
Ақгүл Амантайқызы ата-аналарға кеңес берді.
"Ата-аналарға айтарым, баламен сенімді қарым-қатынас орнатыңыз, қауіпсіздік ережелерін үнемі үйретіп отырыңыз (әсіресе әлеуметтік желіні қадағалау) және жеке шекара, дене шекарасын миына құйыңыз", - дейді психолог.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!