Әлеуметтік желіде әнұранға құрмет көрсеткен кішкентай патриот қыздың әрекеті жұртты сүйсінтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде әнұранның дауысын ести сала ұйқысынан тұрып, құрмет көрсеткен бүлдіршіннің жазбасы тарады. Кадрдан оның ұйқысынан толық оянбаса да, елінің символына шынайы құрмет көрсететінін көруге болады.
2 жастағы Медина балабақшаға барады екен. Видеоны таңертең анасы түсірген көрінеді.
"Ұйқысын аша алмай тұрса да, патриот өзі", - деп жазылған видеода.
Massaget.kz тілшісі көпті сүйсінткен бүлдіршіннің анасы Гүлжайна Жаңабайқызымен тілдесті. Гүлжайна Жаңабайқызының сөзінше, Медина "Қазақстан" шоколадын жақсы көреді, өйткені оның сыртында мемлекеттің туы бейнеленген.
Мединаның екі бауыры бар, өзі ортаншы.
"Медина дүниеге келген күніне бастап ата-әжесінің тәрбиесін алып жатыр. Ол небәрі 2 жаста болғанына қарамастан, қолына қалам ұстап, қағаз бетін шимайлауды бастағалы қашан. Қызымның елге деген ерекше сүйіспеншілігін әкесіне тартқан деп ойлаймын. Өйткені әкесі спорттық сайыстарда ел намысын қорғап жүрген балуан", - деді ол.
Мединаның анасы қызының патриоттық сезімі 1 жасынан асқанда-ақ пайда болғанын жеткізді.
"Медина 1 жасынан бастап әнұранды естіп, көк туды көрсе ерекше іс-қимыл жасайтын. Сол кезде әнұран естісе, қолын кеудесіне қойып бер деп сұрайтын. Оның патриот екенін кейінірек түсіндік. Ал бүгінде әлеуметтік желілерден көріп қалса, тұра қалып, басын иеді. Өзі ғана емес, айналасындағының бәрінің қолын жүрегіне қойғызады", - деді ол.
Желі қолданушылары да бүлдіршіннің іс-әрекетіне сүйсініп, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
"Ботақаным, тәтті-ақ өзі", "Кішкентай жүрегіңнен", "Жаным, ұйқысын қиып тұру әркімнің қолынан келе бермейді, елім деп соққан жүрегіңнен айналдық", "Ой, алтыным! Отан сүйетін ұрпақ өсіп келе жатыр!", "Елім деген құйтақандай жүрегіңнен сол", "Жаным әнұранды түсінген түріңнен айналдым", - деп жазған олар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!