“Өз елінің азаматтары бірінші орында тұрады“. Швейцарияда тұратын қазақ анамен сұхбат

Айгүл Мырзатай - 5 жылдан бері Швейцарияның Цюрих қаласында тұрып жатқан қазақ ана. Бүгінгі кейіпкеріміз Швейцариядағы өмір сүру деңгейі жайлы, бұл елде тұрудың артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Айгүл Мырзатай 1995 жылы Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Кентау қаласындағы мектепті аяқтап, 2013 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне "Аударма ісі" мамандығына оқуға түскен. Ол бакалаврды аяқтаған соң магистратураға түсуді жоспарлаған.

Айгүл Мырзатайдың жеке архивінен

"Мен магистратураға Халықаралық қатынастар факультетіне "Аударма ісі" мамандығына түстім. Магистратураға дайындалып жүрген кезде болашақ күйеуіммен инстаграм желісі арқылы танысқан болатынбыз. Ол кезде күйеуім Нидерланды елінде жұмыс істеп жүрді. Көп ұзамай менімен кездесу үшін Алматыға келді. Солай жиі келіп тұрды, маған үйленуге ұсыныс жасап, екеуміз отбасын құрдық", - дейді Айгүл Мырзатай.

Айгүл Мырзатай отбасылық өмірінің алғашқы кезеңі Амстердамда өткенін айтты.

"Үйленгеннен кейін күйеуім мені Нидерландыға алып кетті. Отбасылық өміріміздің алғашқы кезеңдері Амстердам қаласында өтті. Алайда жүктілігімнің сегізінші айында күйеуімнің жұмысы ауысып, біз Швейцария еліне көшіп келдік. Осылайша, босануға бір ай қалғанда жаңа елге келдік, пәтер іздедік. Одан соң жаңа пәтерге жиһаз іздедік. Себебі Швейцарияда пәтерлер бос күйінде беріледі", - деді ол.

Швейцариядағы перзентханалардың ерекшелігі

Айгүл Мырзатай - екі баланың анасы. Қызы Айдия 5 жаста, ал 1,5 жастағы ұлының есімі - Мирас. Ол екі баласын да Швейцарияда дүниеге әкелген.

"Перзентханаға қорықпай келесіз"

"Швейцарияда әйелдердің жүктілігі жеңіл өтеді, дәрігерлердің көзқарасы жеңіл, неше түрлі анализдер сұратпайды, тек негізгі анализдер мен УДЗ-ға түсіртеді. Олар жүкті әйелді әрі-бері жүгіртіп, артық күйзеліске түсіртпейді. Олар үшін ең маңыздысы - әйелдердің тыныштығы және жақсы психологиялық жағдайы.

Екі баламды да дүниеге әкелерде дәрігерлер күліп қарсы алды. Ешқандай күйзеліс туындатпайды. Сен перзентханаға келерде қорықпай, керісінше, саған көмектесетінін біліп келесің. Бүкіл жағдайыңды сұрайды және көмектесуге дайын тұрады. Қажет болса, толғақ кезінде массаж жасап береді", - дейді қазақ ана.

"Перзентханаға ештеңе апармайсыз"

Айгүл Мырзатай Швейцариядағы перзентхананың артықшылықтарын атады.

"Мен жатқан перзентхана өте таза, терезелері үлкен, терезеден Цюрих көлі көрініп тұрды. Мен толғақпен хабарласқанда олар босанатын бөлмені де, жататын палатаны да дайындап қойған. Мен келгенде барлық аппарат қосылып, төсектер ауыстырылып дайын тұрды.

Босанғаннан кейін медбикелер жуынуға көмектеседі, егер өзіңізді нашар сезініп тұрсаңыз, сізді мүгедектер арбасына отырғызып апарады. Палатаның ішінде барлық қажетті зат болады, үйден ештеңе әкелмейміз. Менің білуімше, Қазақстанда перзентханаға арналған сөмке дайындап апарады. Ал бұл жақта олай емес. Тек өз киіміңізді алып келсеңіз жеткілікті. Ал баланың жөргектерін, киімдерін, гигиеналық заттарын да сол жерден табасыз. Палатада төсегіңізде батырма болады, соны бассаңыз, медбикелер бірден келеді. Одан бөлек, 3 сағат сайын келіп тексеріп тұрады. Істей алмайтын немесе білмейтін нәрсеңіз болса, үйретеді. Палатаға келгеннен кейін мәзірді әкеліп береді. Олар 3 мезгіл тамағыңызды береді. Бір күн бұрын өзіңізге қажетті тамақтарды таңдайсыз. Етпен де, етсіз де тамақтарға таңдау бар. Жалпы перзентханада 3-4 күн жатасыз. Егер жағдайыңыз тұрақты болса, үйге жібереді", - дейді қазақстандық әйел.

"Ұйықтай алмай жатырмын" деп өтініш жасасаңыз, балаңызды қарап береді"

Айгүл Мырзатай хебама деп аталатын медбикелер жайлы айтып берді.

"Перзентханадан шығудан асықпайсың, себебі барлық жағдайыңыз жасалады, тамақ істемейсіз, бөлмеңіз, төсегіңіз таза. Тіпті, "ұйықтай алмай жатырмын" деп өтініш жасасаңыз, балаңызды алып кетіп, қарап береді. 

Перзентханадан үйге қайтқаннан кейін сізге хебама дейтін медбикелерді жібереді. Олар дәстүрлі медицинаны сақтайды. Олар әр келген сайын бала мен ананың жағдайын қадағалап, баланың бойы мен салмағын өлшеп, барлық көрсеткішті жазып алып кетеді. Барлық білмейтін нәрсеңізді хебамадан сұрасаңыз, ол бәрін көрсетіп, үйретіп кетеді. Мысалы, емізумен проблема болса да, одан ашық сұрай бересіз. Хебамалар екі ай көлемінде 10 реттен 16 ретке дейін келе алады", - дейді ол.

Қазақ ана Швейцарияда барлық адамда базалық міндетті медициналық сақтандыру болатынын және сол сақтандыру оның перзентханадағы бүкіл шығынын өтегенін айтты.

Швейцариядағы мектептер қандай?

Қазақстандық әйел Швейцариядағы мектептердің ерекшелігі жайлы айтып берді.

"Жалпы міндетті білім 4 жастан 15 жасқа дейін беріледі"

Мысалы, ол жақта міндетті білім алу 4 жастан басталады және әр буын бөлек-бөлек ғимаратта оқиды. 

"Қызым 5 жаста. Біз міндетті kindergarten-ге барамыз. Бұл мектепалды даярлық ұйымы. Бұл мектеп түріне 4-6 жас аралығындағы балалар баруға міндетті. Одан соң балалар бастауыш мектепке, содан соң орта мектепке барады. Орта мектептен кейін арнайы мектептерге немесе гимназияға оқуға түсе алады. Жалпы міндетті білім 4 жастан 15 жасқа дейін беріледі. 15 жасында орта мектепті аяқтап, қиын емтихан тапсырып, гимназияға немесе арнайы мектепте түссе болады. Екі жерде де университетке дайындық болады. 3-4 жыл жүріп, толығымен университетке оқуға түсуге дайындалады. Әр буын бір ғимаратта оқымайды. Бөлек-бөлек ғимарат берілген. Алайда аралары да қатты алыс емес", - дейді Айгүл Мырзатай.

Қазақ ананың айтуынша, Швейцарияда баланың ерте жастан бастап мектепке өзінің барып-келуін дұрыс деп санайды. Сол үшін үйге жақын маңнан мектеп табуға барлық жағдай жасалады.

"Швейцарияда баланы мектепке жіберер алдында баланың тұратын жеріне қарайды. Бұл жақта баланың ерте жастан бастап мектепке өзі барып-келуін дұрыс деп санайды. Сондықтан мектеп үйден қатты алыс болмауы қажет. Яғни бала өзі жаяу барып, өзі жаяу келе алуы керек және барынша қауіпсіз болуы керек. Ата-аналар жиналысында балаларды өзін барып-келуге үйретіңіздер деп кеңес береді. Мектептерге полицейлер келіп, жол ережелерін үйретіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолға қатар тізіп тұрғызып, сол жерде жолды өтіп үйретеді", - дейді қазақстандық.

Айгүл Мырзатайдың жеке архивінен

"Швейцарияның оқу жүйесі өте қызық"

Айгүл Мырзатай Швейцариядағы мектептерде балаларды табиғатқа жақындастыру үшін түрлі шаралар өткізетінін айтты.

"Швейцарияның оқу жүйесі өте қызық. Балаларға қатты қысым көрсетпейді. Сабақтары жеңіл әрі ойын түрінде өтеді. Міндетті түрде балаларды сыртқа ойнауға алып шығады. Баланың физикалық түрде белсенді болуына аса мән береді. Бала кішкентай кезінен бастап қозғалыста болуы маңызды деп есептейді. Себебі ол баланың дамуына оң әсер етеді. Ауа райының ерекшелігіне қарамастан, далаға шығарады. Балалардың міндетті түрде әртүрлі ауа райына сәйкес киімдері болуы керек. Сондықтан ата-аналар жиналысында суреттермен қандай киімдер керек екенін көрсетеді. Балаларға мектепте тамақ берілмейді, оны үйден салып жіберуіміз керек. Тәтті салып беруге болмайды. Дұрыс тамақтануды ұстанады. Балаларды апайы міндетті түрде айына екі рет орманға апарады. Ата-анасы салып берген тамақты беріп, табиғатта тамақтандырады. Неше түрлі кедергіден өткізіп, табиғатқа жақындастыруға тырысады", - дейді ол.

Швейцарияда өмір сүрудің артықшылықтары

Айгүл Мырзатай Швейцарияда өмір сүру деңгейі өте жоғары екенін айтты.

"Қатаң тәртіп бар"

"Оның бір себебі - елде қатаң тәртіп және осы тәртіпті ұстанатын, оған бағынатын халық бар. Тіпті көлік жүргізу стильдерінің өзінен тәртіп байқалады. Егер көшеде кептеліс болып жатса, біреу асығып, бұрылғысы келсе немесе өтіп кеткісі келсе, қалған көліктер еш ашуланбай өткізе қояды. Халқы өте сабырлы. Көшеде қандай да бір хаос болмайды. Әркім өз жолымен жүреді. Өте жайлы. Менің түсінгенім, тәртіп бар жерде өмір сүру жеңіл", - дейді ол.

"Адамдары өте пунктуальды"

"Швейцария халқы жоспармен жүргенді жақсы көреді. Олар тіпті келесі жылғы еңбек демалысын бір жыл бұрын жоспарлап, бір жыл бұрын қонақүйді броньдап қояды, билеттерін алдын ала алып қояды. Мысалы, мектепте жиналыс болатын болса, мұғалімдер уақытын белгілеп, екі ай бұрын хат жіберіп қояды. Адамдар бір-бірінің уақытын сыйлайды. Қоғамдық көлік құралдары да тура минут-минутымен есептеп келеді. Сіз барғыңыз келетін жерге кешікпей барасыз", - дейді Айгүл Мырзатай.

Швейцарияда өмір сүрудің қандай кемшіліктері бар?

Айгүл Мырзатай Швейцарияда барлық жағдай бірінші кезекте өз елінің азаматтарына жасалғанын және мұны кемшілікке жатқызуға келмейтінін атап өтті.

"Өз елінің азаматтары бірінші орында тұрады"

"Швейцарияда бәрі керемет болғанымен, біз бұл елдің азаматы болмағандықтан, біз кей кемшіліктерді байқаймыз. Осы елдің азаматтарына барлық жағдай жасалған, барлық жерде өз елінің азаматтары бірінші орында тұрады. Тіпті пәтер жалдап тұруға осы елдің азаматы мен сіз тұрсаңыз, бірінші осы елдің азаматына береді. Жұмысқа тұрарда да ол елдің азаматының дағдылары сіздікінен төмен болып тұрса да, ең бірінші өз елінің азаматтарын алады. Бұл нәрсені кемшілікке жатқызуға болмайды, себебі негізі әр елде өз азаматтарына жағдай сондай болуы керек", - дейді ол.

"Ұлттық тағамдарымызды сағынамыз"

"Әрине, өзіміздің ұлттық тағамдарымызды өте қатты сағынамыз. Әсіресе жылқы етін, қазыны сағынамыз. Бірақ Швейцарияда жылқы еті аса танымал емес. Жылқы етін сатады, бірақ оның дәмі Қазақстандағыдай емес, құрғақ болады. Мұндай етті асып жеуге келмейді. Құрт, қаймақты сағынамыз. Тіпті сүзбенің өзі бұл жақта басқаша. Біздегідей сүзбені алу үшін арнайылап орыстардың дүкеніне барамыз. Олардың бағасы өте қымбат, әдетте біздегіден 4-5 есе қымбат етіп сатады. Қазақстанға жыл сайын барып тұрамыз. Ата-анамызды, туыстарымызды көріп, сағынышымызды басып, ұлттық тағамдарымызды жеп, бір жылға жететін энергия жинап келеміз", - дейді Айгүл Мырзатай.

Қазақ ана төрт тілде сөйлей алатынын айтты.

"Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және орташа деңгейде неміс тілін білемін. Елдің менталитеті, адамдары, тілі басқа болғандықтан, қоғамға бейімделіп кету қиын. Бұл елдің тілін білмесеңіз, қарапайым сатушы болып та жұмысқа кіре алмайсыз. Егер халықаралық компания болса, ағылшын тілімен де орналасуға болады, бірақ жергілікті компанияларға тіл білмесеңіз, сізді мүлдем қарастырмайды. Швейцарияда негізі төрт мемлекеттік тіл бар. Қазір төртінші тіл қолданыста емес. Біз тұратын жер Германияға жақын болғандықтан, швейцариялық неміс тілінде сөйлейді. Ал швейцариялық неміс тілі қарапайым неміс тілінен ерекшеленеді. Францияға жақын жері француз, Италияға жақын жері италиян тілінде сөйлейді", - деді ол.

Айгүл Мырзатайдың жеке архивінен 

"Жүрегімнің жартысы әрдайым Қазақстанда"

Кейіпкеріміз "Болашақта Қазақстанға орала ма" деген сұрағымызға жауап берді.

"Әрине, түбінде бәрібір елге ораламыз. Өзімді мәңгілік осы шетелде өмір сүремін деп елестете алмаймын. Себебі туған жердің орны бөлек, әрдайым аңсап жүресің. Әсіресе ата-анаң, жақындарың Қазақстанда болғандықтан, бәрібір жүрегіңнің жартысы Қазақстанда болады. Бірақ қазір жаспыз. Шетелден үйренер нәрсе көп. Осы мүмкіндікті толығымен пайдаланғымыз келеді. Оған қоса, күйеуіме жұмыс бабымен жақсы мүмкіндіктер беріліп тұрғандықтан, соны барынша пайдаланамыз деп шештік. Күйеуіме үлкен алғыс білдіремін. Бізге үлкен мүмкіндіктер ашып, отбасына қаншама елді көрсетіп, біздің барлық арман-тілегімізді орындап келеді. Осы елде өмір сүріп жатқанымыз, осындай жоғары өмір сүру деңгейін көріп жатқанымыз соның арқасы", - деп алғыс білдірді ол серігіне.

Айгүл Мырзатай болашақта Швейцарияда жұмыс істегісі келетін жастарға кеңес берді.

"Швейцарияның өмір сүру сапасы жоғары болғандықтан, бұл елде жұмыс істегісі келетін адамдар көп, сәйкесінше, бәсекелестік көп. Ал бұл елге кіргізерде білімділердің, біліктілердің арасынан іріктеп алады. Яғни елге жайдан-жай, оңай кіріп кете алмайсыз. Жалпы, тіл білген адам далада қалмайды. Тіл білген адамға жұмыс табылады. Бірнеше тіл білсеңіз тіпті жақсы. Егер Еуропа елдерінде тұрғыңыз келсе, ағылшын тілін білу жеткіліксіз. Жас кезде тіл үйрену оңайырақ. Сондықтан жастықты пайдаланып, бірнеше тілді меңгеріп алуға кеңес беремін. Алайда тіл үйрену ешқашан кеш емес екенін де ұмытпаңыз", - дейді қазақ ана.

Швейцарияда Жаңа жыл қалай тойланады?

Айгүл Мырзатайдың айтуынша, Швейцариядағы Жаңа жылдың бір қызығы - 25 желтоқсаннан кейін көшедегі барлық безендіруді алып тастайды, алайда олар бұл мерекеге дайындықты өте ерте бастайды.

"Швейцарияда, жалпы Еуропа елдерінде Жаңа жылды ТМД елдеріндегідей күтпейді, олар 25 желтоқсан - Рождествоны күтеді. Оған қатты дайындалады және дайындықты өте ерте бастап кетеді. Алайда 25 желтоқсаннан кейін барлық безендіруді алып тастайды. Тіпті үйлеріндегі шыршаны да 25 желтоқсаннан кейін шығарып тастайды. Маған бұл жақтың жаңажылдық атмосферасы қатты ұнайды. Неше түрлі безендірулер және Christmas market жәрмеңкесі болады. Бұл жәрмеңкеде әртүрлі қызықты заттар және дәмді тамақтар сатады. Бұл мерекені адамдар қатты күтеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын", - деп қорытындылады Айгүл Мырзатай.

Еске салайық, бұған дейін Нью-Йоркте тұратын қазақ анамен сұхбаттасып, Бруклиндегі мектептің ерекшелігі жайлы білген болатынбыз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз