- Негізгі бет
- LifeStyle
- Ойын баласын мектепке...
Ойын баласын мектепке қалай дайындау керек? Психолог кеңесі
Жаз аяқталып, оқу да жақындады. 1-сыныпқа баратын оқушылар үшін де, олардың ата-аналары үшін де маңызды кезең жақындап келеді. Massaget.kz тілшісі балалар психологы Әсем Ілесбаймен сұхбаттасып, ойын баласын мектепке қалай дайындау керегін сұрады.
Маманның сөзінше, бала өз жасына сай дамуы қажет. Яғни 7 жасқа дейін балаға артық жүктеме артуға болмайды. Сәйкесінше кейін бала мектепке барғанда да қиналмайды.
"Психология бойынша бала 7 жасқа дейін ойын баласы болады. 7 жасқа дейін баланы қинап, сабақ үйретіп, дайындық курстарына апару дұрыс емес. 5 жасынан бастап сабақ оқытса, балаға психологиялық зақым келуі мүмкін. Оны "фрустрация" (белгілі бір кезеңде тұрып қалу - еск.) деп атайды. Яғни кейін бала сол кезде тоймаған ойынын ересек болғанда іздеуі мүмкін. Қазіргі лудомондар, ойынға үйірлердің себептерінің бірі де сол. Әрине, оған басқа да көптеген фактор әсер етеді", - дейді маман.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ал мектепке дайындау үшін баланың зейініне, қабілетіне, деңгейіне басты мән беру керек.
"Баланың зейініне байланысты көбірек жұмыс істеу керек. 7 жастан кейін баланың психикасы, физиологиясы бір партада 4 сағат сабақ оқып отыруға бейімделеді. Бала соған сай әрі қарай бейімделе бастайды. Ата-аналарға баланы ертерек әріп танытып, кітап оқытып немесе санатып қажеті жоқ дер едім. Өйткені 7 жасқа дейін балада ойын жасы. Яғни осы жастан кейін бала қатты ойынға берілмейді. Баланың ойынын қандыру керек. 4 жастан бастап немесе 5 жастан бастап кітап оқытып, санататын ата-аналар бар. Бұл нәрсеге маман ретінде қарсымын. Себебі баланың ми жүйесі ондай ақпаратты қабылдауға дайын емес, ми жүйесі бұл кезде толық дамымайды. Осы факторлар ескерілуі керек", - дейді психолог.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Психолог ата-аналарға балаларынан "асқан ақылды адам" жасаудың орнына оларға өмірде қажет құндылықтарды үйретуге кеңес берді.
"Балаға оның орнына жауапкершілікті сезінуді үйрету қажет. "Балам, сабақ оқуың керек, мектепке барамыз, ерте тұруың керек" деп, оны қинамай, жайлап дайындаса, күзде балада фрустрация (белгілі бір кезеңде тұрып қалу - еск.) болмайды", - дейді маман.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Сондай-ақ, маманның пікірінше, 1-сыныпта да баланы түрлі қосымшаға апарып, қинаудың қажеті жоқ. Оның өзіндік себебі бар.
"Кейбір ата-аналар 1-сыныпта баланың сабағына қатысады, сабағынан кейін қосымшаға немесе спортқа алып барады. Осылайша, баланы жүктеп қояды. Сондықтан бала қатты шаршайды. Мұндай балалар апатияға түсуі мүмкін. 1-сыныпта баланың деңгейіне, жағдайына қарап, қосымшаларды таңдаған дұрыс", - дейді психолог.
Еске салайық, бұған дейін астаналық бүлдіршіннің анасы мектептер қызын бірінші сыныпқа қабылдамай отырғанын айтқаны хабарланған еді.
Баланы "жұрттың баласынан" қалдырмай мектепке 6 жасында берген дұрыс па?
Сондай-ақ, бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 тамызда аяқталатыны айтылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова