KeshYOU тобы американдық рэпер Snoop Dogg-пен бірге Америкада бір сахнада ән айтты. Алайда KeshYOU тобындағы қыздардың үстіне киген оюлы киімдері көпшілік қазақстандықтың көңілінен шықпады. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оюды қорлау болып саналатынын айтып, сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
KeshYOU тобының әлемдік сахнаға киіп шыққан оюлы костюмдері қазақстандықтардың көңілінен шықпады. Әлеуметтік желі қолданушылары оларға "оюды қорладыңыздар" деп ашуланды:
"Ренжімеңіз, еш ұнамады. Осылай "төтендерін" ашып шықпаса Америка кіргізбейді ма екен?Батыстықтарға ұнаған шығар, оларға жалаңаш жүрген ұнайды, біздер еш қабылдай алмаймыз. Ең болмаса, купальник емес, қысқа етіп көйлек тігу керек еді".
"Оюды нәзік етіп көрсетуге де болар еді.. Қазақты бадырайған, ала-ала оюмен әлемге көрсете салу.. Мынау масқара енді".
"Мынау масқара болыпты, қарауға ұят, оюдан қадір кетті".
"Оюды жоғары жаққа салса да болар еді. Етек жаққа керек емес еді".
"Ою да қор болды, қазақилық та қор болды. Басқа елге еліктегіш халық ретінде көрсетті. Ұзындау көйлекпен, ұлттық стильмен шықса, елімізді жақсы жағынан танытар еді".
"Мынау не, қазақтың ұлттық оюын мазақ етіп тұр ма? Ашық-шашық. Ешқандай сәндік те, әдемілік те жоқ".
"Ақша не істетпейді, артық қылам деп, тыртық қылды".
"Оюды неге құйрығына қойған? Мүлдем әдемі көрінбейді".
"Қыздар, жарайсыңдар! Бірақ киімдері біртүрлі... әсіресе, оюды бөксеге қойған ыңғайсыз көрінеді екен. Батыл, бірақ креативті нәрсе ойластыруға болатын еді. Қазақстанда жақсы дизайнерлер көп қой. Идея жақсы, бірақ ойдағыдай шықпаған деп ойлаймын".
"Бұл жерде оюда проблема жоқ, жалпы қыздардың костюмі дұрыс шықпаған. Сахнаға арналған костюм секілді емес. Қыздарға жарасымды етіп тігілмеген деп ойлаймын".
"Адамдардың көзі үйренбеген, сондықтан біртүрлі оғаш көрінеді. Оюды әдемі қазақша көйлек, сәукеле, шапандардан көріп үйреніп қалғанбыз. Оюды қай киімге түсіріп кисең де әдемі болып шығады. Бірақ мынадай ашық киімге салғанды мен де көріп біртүрлі болып қалдым".
KeshYOU тобының продюсері Баян Мақсатқызы өзінің инстаграм-парақшасында хейтерлерге жауап берді.
"Маған мұнда көп адам қазақы ою-өрнек үшін ұрсып жатыр. Жарайды, онда артыңызбен көрпеге жатпаңыз және аяқпен ою бейнеленген кілемді баспаңыз. Қажет емес жерде әулие бола қалғанды доғарыңыздаршы! Біз мұны әлемді мәдениетімізбен таныстыру үшін жасадық, біз оны жасап қойдық! Сіз бізді алға жылжыту үшін хейт айтудан басқа не істедіңіз? - деді продюсер.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз