- Негізгі бет
- LifeStyle
- “Отандық дәрігерлерге сенді“....
“Отандық дәрігерлерге сенді“. Ақжол Мейірбековтің қалай қайтыс болғаны белгілі болды
Қазақстандық танымал әнші Ақжол Мейірбековтің әйелі Шәрипа Мейірбекова күйеуінің неден қайтыс болғанын айтып, сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Дос-Мұқасан" тобының солисі, әнші марқұм Ақжол Мейірбековтің әйелі бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтты. Әйелінің айтуынша, әнші қатерлік ісікпен ұзақ уақыт күресіпті.
"Оған үш жыл бұрын отандық дәрігерлер тері ауруының қатерлі ісігі деген диагноз қойды. Аяғындағы қатерлі ісік соңында өліміне себеп болды. Бірақ Ақжол мойымады. Отандық медицина қызметкерлеріне сеніп, шетелге де бармады. Өмірінің соңына дейін ән айтып жүрді ғой. Ештеңеден қорықпайтын. Дәрігерлердің айтқанын екі етпей істеді. Ауруханаға жатып, ісікті емдеді. Кейін алдырып тастады. Үш жыл үзбей химия терапия алды", - деп еске алды қиын күндерін.
Ауруы асқынған соң дәрігерлер өнер иесін үйіне шығарып, екі күннен кейін қайтыс болыпты.
"Соңғы кезде қатты шаршап, әлсіреп қалғанда тағы ауруханаға жатты. Сол кезде-ақ дәрігерлер үйге шығарды. "Мұсылманша жөнелткен дұрыс. Мына жақта сойып тастайды" деді. Үйге екі күн ғана қонып, аттанып кетті. Бәрі тез болды. Өзіміз де не болғанын ұқпай қалдық. Бір күні "Маған ризасың ба?" деп сұрадым, "Саған қалай риза болмайын?" деді. Сол сөзінен кейін ертеңіне жүріп кетті", - деп есіне алды Шәрипа Мейірбекова.
Ақжол Мейірбековтің әйелінің ұлты өзбек екен. Шәрипа Мейірбекова 50 жыл бұрын қалай шаңырақ құрғандарын да айтып берді.
“Менің ұлтым – өзбек. Ол кезде қазақ пен қазақ қана үйленетін. Бірақ Ақжол соны бұзып, менің әкемнің алдынан өтуге барды. Бірақ әкем "біздің әулетте қазаққа тиген ешкім жоқ" деп қайтарып жіберді. Содан ол кісі анасын алып келіп, құда түсті. Бірақ әкем келіскен жоқ. Сол кезде марқұм енем, "Онда алып қашамыз. Осы қыздан басқа ешкімді келін қылмаймын" деді. Ол кезде менің жасым 18-де еді. 50 жыл отбасылық өмірдің ыстық-суығын бірге көрдік" - деді ол.
Еске салайық, "Астарлы ақиқат" бағдарламасының осы шығарылымында композитор Арман Дүйсенов пен сатирик Көпен Әмірбектің қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы да айтылған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева