Танымал қазақстандық журналист, экс-сенатор Дана Нұржігіт қайтыс болған әкесі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкесінің қайтыс болған күні қарсаңында журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
"35 жыл. Дәл осы күні Өмірбай әкем дүниеден озды. 39 жаста. Бары-жоғы – 39! Дарынды күйші, дирижер, мәдениет саласының дарынды ұйымдастырушысы. Мемлекетшіл адам. Біз үшін ең мейірімді, ең қамқор әке. Шашымды өріп, киімімді үтіктеп, тамағымды әзірлеп, мектепке апаратын, жолшыбай кешегі өткен тақырыпты талқылап, миыма құйып беретін ұстаз еді. Домбырасын алып, үйден шығып бара жатқаны әлі көз алдымда. Қаншама келіннің бетін ашып, той басқарып, жұртты аузына қаратты. Жақсы-жайсаңдармен дос болды. Мәдени кештер ұйымдастырып, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев, "Тамашаның", Роза Рымбаеваның концерттерін ауылға қойды. Шопандар слеті, көркем өнерпаздар байқауына тума таланттарды ауылдан іздеп, сахнаға шығарды. Менің әкем "Мәдениет Майданының" сарбазы еді. Осыны көріп өскен мен қайда барамын?! Туыңды жықпау – міндетім, Әке! Бір сәт те есімнен шыққан емессің! Мен – осы дүниеде жер басып жүрген Өзіңмін!", – деді ол.
Айта кетейік, Дана Нұржігіт қайтыс болған Бейсен Құранбек туралы да жантебірентерлік жазба жариялаған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз