Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында танымал қобызшы Олжас Құрманбектің концерті өтті. Концертке Димаш Құдайберген де қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Концерттің арнайы қонағы болған Димаш Құдайберген қонақтармен сәлемдесіп, Олжасты құттықтап, тілегін білдірді. Бұл туралы dimashnews.com сайты жазды.
"Еліміздің мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосып жүрген осындай досымның барына өте қуаныштымын. Болашақта Олжастың ізбасарлары мен шәкірттері дәл осындай үлкен сахналар мен ареналарда өнер көрсетеді деп сенеміз. Қазіргі қазақ мәдениетінде Олжастай қобызшылар жоқ деп есептеймін. Шығармашылық жолында ізбасарлары көп болсын деп тілейік", - деді Димаш.
Концерт Saz&Soul қобыз виртуозы ішекті аспаптар оркестрі тобымен және қобызшы Санжай Әлмішевпен бірге орындаған Олжастың Nomad атты шығармасымен басталды.
Димаш Олжастың өнерін қолдап, Олжас пен Темірланмен бірге Құрманғазының "Адай" күйін домбырамен орындады.
Әйгілі фильмдерге арналған саундтректердің бірегей аранжировкалары көрермендерге әртүрлі оқиғалар желісін баяндап отырды. Қобыздың сиқырлы үндері "Дюна" фильміндегі құмның сырын ашса, "Батыл жүрек" пен "Гладиатор" фильмдеріндегі шайқас даласынан жүріп өтіп, "Сұлтан Сүлейман" (Muhteşem Yüzyıl) мен "Титаниктің" махаббат хикаяларын баяндап, тыңдарманды мұңға батырды. "Миф" және "Тақтар ойыны" (A game of thrones) фильмдеріндегі қиял әлемі және қазақтың "Шал" фильмінің драмалық оқиғасын баяндады.
Кеште Puza диджеймен бірлесіп орындаған Билли Эйлиштің Lovely және Лориннің Tattoo заманауи хиттерінің ремикстерін орындаған Олжас ұлттық аспаптың кез келген жанрда шырқалатынын көрсетті.
Кеш қонақтары домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз дуэті болып "Бастау" және "Әлем" композицияларын орындаса, Олжаспен бірге олар "Заман" атты ортақ хитін көрерменге паш етті.
Гитарист Мұрат Зайнула қазақтың "Дударай" әнін күтпеген интерпретациясымен көрерменді тәнті етті.
Әйгілі композитор Ренат Гайсин пернетақта мен мелодикада орындаған "Махаббат өзені" және Angel love атты төл туындыларымен көрермендерге ерекше сезім сыйлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!