- Негізгі бет
- LifeStyle
- Ораза 2023. Жолға...
Ораза 2023. Жолға шыққан адам қандай жағдайда ораза ұстамаса болады?
"Жауабы бар" хабарында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі оразаға қатысты ең өзекті сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рамазан айында жолаушыға ораза тұтпауға рұқсат етілгенін білеміз. Маман сапарға шығатын адамдарға өзінің кеңесін айтып өтті.
"90 шақырым қашықтыққа жолға шыққан адам жолаушы болып саналады. Жолаушыға шариғатымызда аузын ашуға рұқсат етіледі. Алла Тағала Құран Кәрімде "кім Рамазан айында ауру немесе жолаушы болса, оның орнын басқа күндері толтырады" деген.
Сапарға шыққан адамдар бірінші мынаған мән беру керек. Сапарға шығу үшін жолға таң атпай жатып шығып кету керек. Егер таң атып кететін болса, оған сол күннің оразасын ұстау міндеттеледі. Егер сол тұрғылықты уақытта аузын ашып қойса, онда ол оразасы бұзылып, қазасымен қоса, кәффаратын өтейді. Ал сапарға шыққаннан кейін бұзып қойса, тек қана қазасын өтейді.
Бірақ біз қазіргі заманда жолда қатты қиындыққа да тап болмаймыз. Сол үшін оразаны ұстау абзалырақ. "Егер білсеңдер, ораза ұстағандарың сендерге жақсырақ" деп жазылған Құранда. Енді рұқсатты пайдаланып, сапарда аузын ашса, ол да сауап. Бірақ оразасын ұстаса, оның сауабы молырақ болады. Ал енді шынымен де, жолда қиналып жатқан болса немесе жол серіктеріне де қиын болып жатса, онда ол кезде аузын ашқаны дұрыс болады", - деді маман.
Биыл Ораза 23 наурызда басталды. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.
А. Жапатова