Асаба, әзілкеш Колобок лақап атымен танылған Елдос Кәдірханов Taboo бағдарламасына берген сұхбатында өзіне қойылған диагноз жайлы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әзілкешке дәрігерлер оның балалы болу мүмкіндігі аз екенін айтқан.
"Қазақи емді де көрдік, дамыған, өте қатты дамыған емді де көрдік, көп қаражат талап еткен отаны да көрдік, енді тек күту керек. Өз арамызда "бала асырап аламыз ба" деген тақырыпты да қозғадық. Кез келген әйелдің армана – баланы дүниеге әкелу, оны емізу, ана болуды сезіну. Әйелімнің де өз құқығы бар. Маған әйелімнің ойы маңызды. Әйелім "мен өзім туғым келеді" деді. Әрине, ол өзі туа алады, бұл жерде мәселе – уақыт пен емделуде болып тұр", – деді ол.
Елдос Колобок жақын досы баласын бергісі келгенін айтты.
"Менің жақын досым бар. Есімі – Дайыр. Оның қазір үш баласы бар. Үшінші баласы дүниеге келмей жатып әйелі екеуі ортақ шешімге келіп, бізге береміз деді. Ол өзінің әке-шешесіне барып, яғни үлкен кісілердің батасын алған. Бұған олар да қарсы болмаған. Содан кейін досым келіп, бізге баласын бергісі келетінін айтты. Біз мұны естігенде боздап жыладық. Мұндайға екінің бірі бара бермейді. Ол көлігінің кілтін, дүниені емес, өз ұрпағын беріп тұр. Әйелі перзентханадан шыққан бойда баланы алып кетіңдер деп тұр. Мен де өз отбасыммен ақылдастым. Маған үйдегілер "баланы немесе досыңды таңда" деді. Себебі кейін достықтарың бұзылуы мүмкін деді. Содан соң мен маған бала емес, дос керек екенін айттым. Біз әлі жаспыз, әлі де үлгереміз. Досым ұлының есімін "Елдос" деп қойды. Біз оның кіндік әке-шешесіміз. Оны ерекше жақсы көремін", – деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!