Онлайн саудаға тәуелділік қалай қалыптасады? Психиатр түсіндірді

Онлайн саудаға тәуелділік қалай қалыптасады? Психиатр түсіндірді
Фото: depositphotos.com

Психиатр, психотерапевт және сот сарапшысы Антон Шестаков маркетплейстерден зат сатып алуға тәуелділік қалай қалыптасатынын түсіндірді. Бұл туралы ол UfaTime.ru басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәрігердің сөзінше, маркетплейске тәуелділік үш негізгі себепке байланысты қалыптасады. Соның біріншісі – мидағы биохимиялық үдерістер.

"Ми сатып алған заттың өзіне емес, оны күтудің әсеріне қуанады. Ең жоғары белсенділік "тапсырыс беру" батырмасын басар алдындағы сәтте байқалады. Ал қорап қолыңызға тиген кезде бұрынғыдай күшті әсер болмайды", – деді Шестаков.

Оның айтуынша, дәл осы себептен адам біртіндеп көбірек тапсырыс бере бастайды.

Тәуелділіктің психологиялық себептері де бар. Шестаковтың сөзінше, көп адам үшін сауда жасау мазасыздықты, зерігуді немесе шаршауды уақытша басудың бір тәсіліне айналады. Алайда бұл сол көңіл күйдің негізгі себебін шешпейді.

Бұған қоса, маркетплейстерге тәуелділік "мен бұған лайықпын", "өзімді қуантуым керек" деген ішкі ұстанымдардан да туындауы мүмкін.

Сонымен қатар, психиатр онлайн сауданы біржақты зиянды әдет деп қарастыру дұрыс емес екенін айтты.

"Пайдасы үш жағдайда сақталады: сатып алу алдын ала жоспарланған болса, шығын көлемі қосымшаға кірмей тұрып белгіленсе және алынған зат кейін шынымен пайдаланылса. Болды", – деді Шестаков.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget