Онколог Суна Исакова "Известия" порталына қан тобының ауруларға, соның ішінде қатерлі ісік пен диабетке әсері жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, көне заманнан бері адамның мінезін қан ерекшеліктерімен байланыстыруға тырысқан: Гиппократ және Аристотель секілді философтар адамдарды "қанына" қарай әртүрлі типтерге бөлген. Заманауи зерттеушілер де адамдардың мінезі, жеке қасиеттері мен олардың қан тобы арасындағы байланысты анықтауды жалғастырып жүр.
"Бұл теориялардың дәлелдері әзірге қарама-қайшы: мысалы, бір жерде екінші қан тобының адамдары күйзеліске төзімді келеді деп сипатталса, басқа жерде олар күйзеліске тез шалдығады деп саналады", - дейді дәрігер.
Осы секілді адамның қан тобы мен қандай да бір аурудың даму қаупі арасындағы байланысқа қатысты да теориялар бар.
"Бірінші қан тобы (О) жүрек-қан тамырлар ауруларының даму қаупінің төмендігімен байланысты, бірақ ол короновирус жұқпасының ауыр өтуіне бейім. Екінші қан тобы (А) иелерінде асқазан қатерлі ісігінің даму қаупі жоғары. Сондай-ақ екінші (А) және үшінші (В) қан тобының иелері II-типті қант диабетінің даму қаупіне бейімдеу келеді", - дейді Исакова.
Сонымен қатар, зерттеу вирусты жұқпамен күресуге көмектесетін интерферонның белсенді бөлінуі бірінші, екінші және төртінші қан тобындағы адамдарда байқалатынын көрсеткен.
Алайда дәрігер қандай да бір аурудың дамуына қан тобы ғана әсер етпейтінін ескертті. Тамақтану, зиянды әдеттер, аз қозғалу секілді сыртқы факторлар жайлы ұмытпау керек.
Оқи отырыңыз: Дәрігер асқазан қатерлі ісігінің алғашқы белгілерін айтты